$ 447.4  477.55  4.76

Таразда ғалымдар латын әліпбиіне көшу жайын талқылады

Соңғы бір айдан бері елімізде қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруге қатысты жиындар жиіледі. Республиканың барлық өңірінде осынау реформаға қатысты басқосулар өтіп, зиялылар, қоғам қайраткерлері, жастар мен белсегді азаматтар Елбасының осынау идеясына қатысты өз пікірлерін айтуда.

Осындай талқыға ұласқан жиындардың бірі бүгін Тараз қаласында өтті. «Латын әліпбиіне көшу: мәселелері мен болашағы» тақырыбында сөз қозғаған ғалымдар Ш.Уәлиханов атындағы кітапханада ұйымдастырылған дөңгелек үстел басына жиналды.

Қазақ әліпбиін кирилицадан латын қарпіне ауыстыру рухани жаңғырудағы  үлкен міндет. Ол үшін латын қарпінің дұрыс нұсқасы таңдалуы  қажет.  Сондықтан дөңгелек үстелге қатысқан ғалымдар өздері дайындаған алфабиттің нұсқаларын таныстырды. 

«Апострофтарды қоя беру өте сәнсіздік. Оған байланысты мен мысалдарымды жиып-теріп алып келдім. Сондықтан барлығына апострофтарды қою қажет емес. Кейбіреуін ауыстырып қойып, кейбіреуіне мысалы «һ» дыбысы деген бар бізде. Айтылуы бізде айтылмайд, тек жазылады. Яғни, мысалы «Гауһар» деп ешкім айтпайды. Біз «Гаухар» деп «Х»-мен айтамыз. Сондықтан «Х» дыбысын мүлдем кіргізбеген.Хат, хан, ханшайым, ханым деген сөздер бар бізде. Ертең қалай айтамыз?», - дейді ТИГУ профессоры Қасиет Молғаждаров.

Қазіргі уақытта әліпбиді ауыстыруға байланысты қоғамда түрлі пікірлер айтылуда. Бірі латын алфавитінің оңтайлы тұстарын алға тартса, енді басқалары бұл істе асығыстық жасамайық дегенді айтады. Мұндай пікірлердің орын алуы заңды. Себебі, көпшіліктің ой-пікірімен санасқан жөн. Сонда ғана латын қаріпінің дұрыс нұсқасы қалыптасады. Кездесетін қиындықтарды да ескерген жөн.

«Мектеп оқушыларына және жоғарғы оқу орындарына керекті әдеби-құралдарды шығару үшін өте үлкен көлемде  қаржы керек болады. Әліпбиді шығарған кезде қарт, егде адамдарға осы әліпбиді игеру бір мәселеге алып келуі мүмкін. Сондықтан оларға да осыны ескерте отырып, оқулықтар, әдістемелік нұсқаулықтар жасау керек», - дейді жиынға қатысқан » БАҰО АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша ПҚБАИ директорының орынбасары Әлібек Нүрімбетов.

Қазір еліміз ешкімге жалтақтамай тірлік жасайтын дәрежеге жетті. Енді қоғами-мәдени болашақтың қамын ойлаған дұрыс. Латын әліпбиіне көшу- әлеми ақпарат кеңістігіне өтуді білдіреді. Яғни, халық  жоғары технологияларды игере отырып, тұрмыстық деңгейін көтереді. Тәуелсіз мемлекетіміздің жаһандық деңгейде дамуына жол ашылады. Дөңгелек үстелде бас қосқандардың ойы осындай ортақ пікірге тоғысты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары