$ 448.15  483.46  4.86

Астананың 20 жылдығына арналған ең үздік логотипке байқау жарияланды: бас жүлде - 8 млн теңге

Елорданың 20 жылдығына арнайы белгіленетін логотип 10 желтоқсанға дейін таңдалатын болады деп хабарлайды Астана әкімдігінің медиа орталығы.

Астананың 20 жылдығына арналған брендбукті таңдау конкурсы 6-27 қараша аралығында өтеді. Үздік логотипті сараптама комиссиясы 10 желтоқсанға дейін шығармашылық шеберханалар, жарнама агенттіктері мен фирмалар, суретшілер, сәулетшілер, жобалық ұйымдар, авторлық ұжымдардан түсетін жұмыстардың ішінен таңдап алмақ.

Қазақстан Республикасының Елордасы – Астана қаласының 20 жылдығын білдіретін үздік брендбукты (BrandBook) таңдау конкурсын өткізудің мән-мағынасы жайлы бүгін қала әкімдігінде өткен баспасөз маслихатында Астана қаласының Ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Каналимов айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, аталмыш логотип Астананың 20 жылдығына арналған барлық іс-шараларда қолданылып, қала көшелерінде жарқырап, сувенир ретінде де пайдаланылатын болады.

«Конкурсты не үшін жарияладық дейсіз ғой?! Әр мерекенің, мерейтойдың өзіндік идеологиялық платформасы, өзіндік мәні болады. Республикалық, халықаралық деңгейдегі әр шараның таңбасы, ұраны болады. Ал ел тарихындағы Астананың орны ерекше. 20 жылдық оқиғаның тарихи маңыздылығын ескере отырып, осы оқиғаға арнап брендбукты таңдауға бағытталған конкурс жарияладық. Мерейтойлық стильдегі таңба қаланы әшекейлеу бұйымы ретінде, сувенир ретінде, Астана қаласының 20 жылдығын атап өту, ақпараттық себепті қалыптастыруға бағытталған жарнамалық, маркетингтік және басқа да шараларда әрі қаланың мәдени, туристік және әлеуметтік потенциалын жақсарту мақсатында да пайдаланылады», – деді Ерлан Каналимов.

Айта кетейік, конкурс қорытындысы бойынша үздік деп танылған брендбук авторы 8 млн теңгеге ие болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары