Жамбыл облысы Қордай ауданы Қасық ауылының атауы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың анасының құрметіне "Әлжан ана" деп өзгертіліп жатыр. Жамбыл облысы мәслихатының қызметкері "ауыл атауын өзгерту туралы шешімді әділет департаментінде тіркеу жұмысы ғана қалғанын" айтады.
Жамбыл облысы Қордай ауданы әкімдігінің ресми сайтына осы аудандағы Қасық ауылдық округінің атауын "Әлжан ана" деп өзгерту туралы тұрғындар жиынының хаттамасы шықты. Онда "Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың анасы Жатқанбаева Әлжан Бұқарбаевнаның 1910 жылы Қасық ауылында молда отбасында туғаны" жазылған.
Хаттамада жиналыста сөйлеген адамдардың сөздері берілген. Мәселен, Тұрысбаев деген тұрғын "Бүкіләлемдік «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі, еліміздің қазіргі жетістіктері, халықтар достығы президенттің ерен еңбегінің арқасы. Халқымызға ұлы тұлғаны сыйға тартқан ананың атын ауылымызға беру идеясын қолдаймын" деген.
Еділбаева деген тұрғын "Әлжан ананы білемін, ол кісінің есімін ауылымызға берсе, бақытты болар едім" деген. Қалбаев атты тұрғын "көпшіліктің ауыл атауын өзгерту идеясын қолдайтынын" айтқан.
Хаттамаға басқа да тұрғындардың қолдау сөздері тіркелген, әрі жиналысқа келген 1306 адамның барлығы қолдап дауыс бергені, қалыс қалғандардың болмағаны жазылған. Хаттаманың соңында жиналыстың "Қасық ауылдық округіне кіретін Қасық ауылының атуын "Әлжан ана" деп өзгерту" туралы шешім қабылдағаны жазылған.
Осы құжаттан Қасық ауылында 776 үй бар екенін, 4370 адам тұратынын білуге болады. Жиналыс қыркүйек айының 9-ы күні өткен.
Жақсының аты өлмейді. Құрылғалы бері Қасық деп аталып кеткен ауылдың не себепті бұлай аталғаны жайында нақты айта қою қиын. Бірақ талай жақсы мен жайсаңды дүниеге келтірген елдің иесі, жердің киесі екені анық. Бүгінде ел құрметтеген азаматтардың атында ауылдан бастап көше, мектептер бар. Халық өзі топырағында туып, тамырын тартқан тұлғаларға деген ілтипатын осылай білдірсе керек. Ендігі жерде ауыл тұрғындары да Қасық ауылын Әлжан ана ауылы деп атасақ деген ойларын жеткізді. Аяулы ананың дүниеге келген жері де айбынды, ажарлы. Және қазақтың қайраткер ұлын дүниеге әкеліп, тәрбиелеген ардақты ананың есімі әрдайым ел есінде.