09.03.2015, 18:00

Жылайтын жүрек емес – нәпсі

Бұл дүниенің бір бақыты – айнымас асыл дос табу. Шынында да, адал достықтан асқан бағалы ешнәрсе жоқ. Достықтың өзі адалдыққа құрылады. Алайда, біз күнделікті өмірде нағыз досты емес, көп жағдайда пенделік ойымызды құптап, қолпаштап отыратын мүдделес іздейтінімізді өзіміз де байқамайды екенбіз.

Не айтса да, қалай істесе де, тек қана оны қуаттай бермей, шынайы ой-пікірін білдіретін достарды көп кездестірдіңіз бе? Қайдам. Болмашы ғана сын айтып қалса, «сатқын» деп сенімсіздік білдіріп шыға келетін адамдар аз ба арамызда? Егер біреудің ықыласына бөленіп жақын адамына айналғысы келсе, онымен әрдайым ымырада болып, оны үнемі мақтап, көзін бақырайтып қойып жағымпазданатын жағдайдың мысалын күн сайын кездестіреміз. Біреулер шындықты естуден саналы түрде бас тартса, ал біреулер оны айтудың ешқандай мағынасы жоқ деп есептейді. Және, ең қызығы, осылай етсек тыныштығымызды баянды еттік деп ойлайды! Бірақ іште буырқанып жатқан бұл өтірік асқына келіп ертең бас көтерер болса, түңілудің көкесі сонда болмақ. Өйткені шын мәнінде рухани жетілгісі келген адам ескертпе мен сынды қабылдап қана қоймайды, айтқан адамды жау демей, жақын досына айналдыра алады. Ал даналыққа бой ұрған адам болса, «жау» деп есептеген сол адамның өзін таусылмас азапқа салғанына қарамастан, өзі үшін пайдалы болатынын іштей түйсінеді. Біз әлбетте «сенің адам ретінде дамуың үшін жауың болғаны жақсы» деген сөзді жиі естиміз. Расымен, жылдар өткеннен кейін артымызға бұрылып қарағанда жанымызда жүрген достардан гөрі нақ сол кезде кедергі болған, күндеген, қызғанған, қырғиқабақ болған сол қас тұтқан жандардан келген пайданың көбірек болғанын аңдаймыз. Нағыз достың солар болғанына көз жеткіземіз. Өйткені олар аяусыз болды, ең осал жерден қапты. Сенің бойыңда қандай кемшілігің пен әлсіздігің болды, солардың бәрін жалаңаштап тұрып су бетіне алып шықты. «Бірақ ол  микроскоппен қарағандай, менің түймедей кемшілігімді түйедей етіп көрсетті ғой» дерсіз.  Ойлаңызшы, зерттейтін нысанының нәтижесіне қол жеткізу үшін көзге көрінбес ең ұсақ детальдарға ғалымдар микроскоппен үңіліп қарамай ма? Сол секілді бойымызда бұғып жатқан өзімізге ғана мәлім иненің жасуындай жаман мінезіміз бен барынша жасырып ұстауға тырысатын кішкентай кемшілігімізді микроскоп-көзімен қопарып алып шығып, өзімізге бадырайтып көрсеткені үшін неге оларды кінәлауымыз керек? Ормандағы ағаштарды тоқылдақтар паразиттерден қалай тазаласа, олар біздің бойымыздағы лас әдет, жиіркенішті мінез бен жаман ойлардан да нақ осылай тазалайды. Бір сөзбен айтқанда, адам жанының санитарлары солар, өзіміз жақтырмай жауға балайтын, жек көретін адамдарымыз. Ендеше, бізге пайда қай жақтан көбірек келді – қастан ба, әлде достан ба?

Егер шын мәнінде адам ретінде жетілуді ойласақ, достан да гөрі дұшпандарымыздың көбірек пайдасы тиетінін мойындауымыз керек. Тынбай тынымсыз еңбектенуге де, жаман қасиетімізбен күресуге де, ауыртпалықтың түйінін шешуге міндеттейтін де, үйрететін де нақ солардың өзі. Бойымызда жоқ күшті де, ақылды да тауып беретін, құласақ, қайта тұрғызатын да осылар. Нақақтан-нақақ жазғырылып, жала жабылғандай, тізесі қаттырақ батқандай, оның озбырлығынан оңбай таяқ жегендей, оның өктемдігінен өмір әділетсіз тартқандай, оның қысастығынан қарманатын түк қалмағандай зорлықшыл бастығынан, яки қиянатшыл әріптесінен немесе сатқын досынан жапа шеккен «сүттен ақ, судан таза» құрбандарды қайдан да болса кездестіруге болады. «Жүрегім қан жылап тұр» деп талай рет анасына, құрбысына мұң шағып, әділетсіздігін айтып тауыса алмаған болар. Асылында, жылап тұрған оның жүрегі емес, нәпсісі. Нәпсісін тәрбиелемекке бір «педагогты» жолықтырып сынақ алмақ, түзеп алмақ еді, осылайша «жүрегі» мен «жаны» сынып түсті.

Сондықтан шолақ ақылымызбен өзіміз жау санаған адамдардың біздің өміріміздегі ролін дұрыс түсінгеніміз жөн. Егер мұны дұрыс ұғынып алмаса, оларды жек көру, сол үшін азаптану, кек алуға ұмтылу, олардан құтылудың түрлі айлы-шарғысын ойластыру үшін қаншама күш пен қуат, уақыт кетеді. Тіпті арамызда жүрген өте ақылды саналатын адамдардың өзін бақылап қарасақ, көпшілігі олардың әрекетін қабылдай алмай, әлсіздігін көрсетіп жатады. Ақылды жандарды достары тарапынан сәт сайын айтылатын мақтау мен қолпаштау оны тым нәзік етіп, нәпсісін өсіріп жіберген. Ал пенделіктен биік, рухани толысқан жандардың көпшілігі жауларына бас иетінін, мүмкіндігі туып жатқанда оларға рахмет жаудырудан жалықпайтынын білесіз бе? Көзіне жас алып отырып, алғыс айтқанды, елжіреп жүріп есінен шығармай есімін құрметпен айтып жүргендерді кім дейміз? Бұлар қарсыласының өз өміріндегі ролін толық түсініп, бағалағандар.

Отан қорғау жолында ерлік жасағандарға, жаңа екпе ойлап тапқандарға, ұлы ақындарға, санаға төңкеріс жасау жолында жаңалық әкелген ғалымдарға мәрмәр мүсін орнатып, алып ескерткіштер тұрғызылады. Әділетті емес деп ешкім таласа алмайды. Алайда ең дұрысы, ғаламат құрметке бөленген осы бір ғазиз жандар өмірдің ең биігіне алып шыққаны үшін жауларына тым болмағанда өз жүрегінде алтын мүсін орнатса, әділі сол болар еді. Білімді еткен, қажырлы қылған, еңбекқор жасаған солар емес пе? Көрген кезде кіржие қалатын, көзқарасы қайшы, пікірі кереғар адамды жау жасауға асығудың қажеті жоқ, ол да біздің тағдыр жолымызда кездейсоқ кездесіп қалған жоқ, ол бізге кемшілігіміз жойылғанша табанды әрі ұзақ қызмет етуге бұйырылған. «Осының көзі қашан құриды?» деп емес, «мұны өз қажетіме қалай пайдалансам екен?», «өзіме қалай дос етсем екен?» деп ойлағанда ғана, жандүниеңіз жанартау секілді атылып, ұйқыда қимылсыз жатқан керекті-керексіз, жақсы-жаман қсаиеттің бәрі қозғалысқа түсіп, жүректің жұмысы басталады. Өйткені «күшті адам ғана жауын досына айналдыра алады».

Дұшпан қойған әр бөгет пен кезекті кедергілерді тек биікке бастайтын сатының баспалдақтары деп ұққанда ғана, бойға білім мен күш құйыларын біле жүрейік. Біздің бүгініміз – кешегі күніміздің жемісі. Өткен жылдардағы ой, сезім, қалауымыз біздің бүгінгі қасиет сапамызды, біздің әлсіздігімізді және біздің нақ қазіргі өміріміздегі оқиғаларды анықтап береді. Құдіреті күшті құдай десек, те, тағдыр десек те, жазмыш десек те, қалай айтсақ та, бір реттеуші күш өте нақты математикалық дәлдікпен анықтап, дәл сол жылы, сол уақытта біздің жанымызда дәл сол адамдардың жүргенін қалайды. Бізге тек келешегімізді жарық, жарқын ету жағы тапсырылған. Ендекше келешегімізге тікелей де, жанама да әсері бар, тағдырымызға тура келген анау жандарды қиын болса да, қабылдамасқа амалымыз жоқ. Біз келешегімізді кемел жасап, жағдайды оңалтудың орнына (жаман мінез, жаман оймен күресудің орнына) олармен кескілескен күреске түсіп, жеңуге, үстем болуға ұмтылып, одан ары ушықтыра түсеміз. Нәпсі мен нәпсінің күресінен кейінгі он-он бес жылдан соң бұрылып өткенге қарасақ, он жылға қартайып, әппақ болып ағарған шаш пен денсаулықтан айрылып, ауру болған өзімізді ғана көреміз. Өскен түгіміз жоқ, сол баяғы тар шеңбердің ішінде шиырлап шектеулі ойдан шыға алмай шаршаған түріміздің куәсі боламыз. Өзіміздің де, өміріміздің де сапасы артпаған. Бес жылдан кейінгі болашағым бақытқа тұнып тұруы үшін бүгіннен бастап жаман ойды сыпырып тастап, жаңа сапаға өтейінші, ол үшін адам біткенді жау тұтпай, дос көрейінші деген махаббат оянбай, жүрек жылылыққа бөленбей, бір нәрсе өзгере қояды дегенге сену қиын. Сынаққа түскенде сабырды жоғалтып алмай, оның өсу құралы екенін сезінгенде ғана нәтиже болары хақ. Егер адам ол сынақты қабылдамаса, сол заматта-ақ тағы бір қиындықтың тууына нақ өзі себепкер болады. Қиындықтар біріне бірі жамала береді де, ең соңында түңілу мен торығудан, азаптан бас көтере алмаған адамның иманы әлсіреп, жүрегі қарайып кетеді. Күллі дүниені жек көреді, қарайған жүрек жарықтың бәрін тұмшалап, адамның бойынан жақсылық көрсетпейді. Анау да жаман, мынау да жаман... Бірақ кеше ғана «елдің бойынан тек жамандық қана көреді» деп кінәлаған адамның орнында бүгін өзі тұрғанын байқамайды. «Біреудің мінін тергенше. Жамандығын көргенше. Өз ойыңды мазалап. Өз бойыңды тазалап. Өзіңмен күрес өлгенше..!» Шәкәрімнен асырып тағы қалай айту керек? Кешіру. Өмір тек кешірімнен ғана тұрады.

Бізге өткенімізді өшіруге де, бүгінімізді өзгертуге де мүмкіндік берілмеген, бірақ ертеңімізді ел қызығатындай етіп жасау мүмкіндігі біздің өз еншімізге қалдырылған. Ол үшін тұнық ой мен ізгі ниет болса, жеткілікті. Ал біреуді қаралауға ғана бағытталған қара ой қақпаның бәрін тарс жабады. Адам үшін жаңа нәрсенің бәрі жақсы, бірақ өзі жаңарса, ең үлкен жаңалық та, жақсылық та сол болмақ.

                                                                                       Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ