09.11.2017, 10:00

Тұжырымдама діни ахуалды реттейді

Дін саласында түрлі пікірталас пен дау-дамай толастар емес. Әсіресе, еліміз тәуелсіздік алған жылдардан кейін түрлі діни конфессиялар мен бірлестіктердің шамадан тыс көбейіп, қаншама жастардың санасын улағаны көпке аян. Алайда, қолданыстағы заңнамалық құжатқа заман қажеттілігі мен сұранысына сай толықтырулар мен өзгерістер енгізілсе, ең бастысы заң талаптары қатаңдатылса, жүйе-жүйе бойынша реттеле түспек.

Діни наным – жалпыадамзаттық құндылықтармен қатар, рухани үйлесімді, әлеуметтік қарым-қатынастар мен азаматтардың санасындағы әлеуетті қамтитын айрықша сала. Сондықтан дін саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеудің ұсынылып отырған тәсілдері мен мемлекеттік саясат қағидаттары елдің өзгешеліктерін және халықтың мәдени-менталды ерекшеліктерін ескеретін айрықша сипатқа ие.

Сонымен, елімізде тұңғыш рет дін саласындағы мемлекеттік саясатты айқындайтын тұжырымдама әзірленді. Ұлттық заңнаманы өзгертетін «2017-2020 жылдарға арналған дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасының» жобасы  биік мінберлерде талқыға түсуде. Осындай бір пікірталас барысында Дін және азамат­тық қоғам істері министрі Нұрлан Ермек­баев  «зайырлылық Қазақ­стан­да өзінің қауқарсыздығын танытты» деп елді елең еткізген мәлімдеме жасады. Ол бүгінде жат діни ағындардың агрес­сия­сы сақталып отырғанын айтып, «олар­дың жекелеген діни бірлестіктері мен өкіл­дері «жетімбұрыш» жағалаған, үй-күйі жоқ адамдарға, жастарға тегін жатын орын, пансионаттар ұсынып, өз қатарына белсенді тартуға тырысуда. Сондай-ақ заңсыз уағыз-насихат жұмыстарын жүр­гізіп, сан алуан оқу курстарын ұйым­дас­тыруда, кәмелетке жасы толмағандар­ды ата-аналарының рұқсатынсыз діни қызметке тартады. Деструктивті діни ма­териалдардың интернет арқылы тара­луы жалғасуда. Бұл жағдайда билік «дін мем­лекеттен бөлінген» деген Ленин ке­зін­де бекітілген қағидаға жүгініп, құр қа­рап отыра алмайды» деп ашынған еді.

«Яғни, мемлекеттің толық алшақтауын жә­не діни саладағы жағдайды тек сырттай бақылауын білдіретін ұғымдағы зайыр­лылық Қазақстан жағдайында өзінің қау­­­қарсыздығын, жарамсыздығын көр­сет­ті. Ұсынылған тұжырымдамаға сәйкес, зайырлы мемлекет ар-ұждан бостандығы үшін қажетті шарттарды қамтамасыз етеді, діни бірлестіктердің ішкі істері мен ереже-қағидалық мәселелеріне аралас­пайды. Сонымен бірге, мемлекет діни бір­­­лестіктердің мазмұндық және қоғам­дық қызметіне, олардың заңдар мен мем­лекет мүдделерін сақтауына бақылау жа­сау­ға және реттеуге тиіс», – деді Н.Ер­­мекбаев.

Бұл құжаттың жобасын дайындау барысында Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаң­ғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілет­тілік» атты жолдау бағыттары мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағ­дарламалық мақаласы, сондай-ақ, Президенттің «мемлекеттің зайырлылық қағидатын нығайту, кез кел­ген діни радикализмді болдырмау» нұс­қаулары негіз ретінде алынды. Тұжы­рым­даманың мақсаты – діни саланы реттеу бойынша 2020 жылға дейінгі ғылыми теориялық негіздерді айқындау, елдегі дін са­ласын реттеу бойынша заңнамалық, бас­қарушылық, әлеуметтік-экономика­лық шараларды анықтау. Оны іске асыру қоғамда және жалпы рухани салада тұрақ­ты әрі үйлесімді дамуды, жаңғыруды қам­та­масыз етпек.

Тұжырымдама жобасында дін сала­сын­дағы мемлекет саясатының басым­дық­тары нақтыланған. Мәселен, діни бір­лестіктерге бақылауды күшейту, олар­дың қаржылық-шаруашылық және уағыз жүргізу қызметінің ашықтығына және айқындылығына қол жеткізу ұсынылып отыр. Бұл шаралар мемлекеттің діни емес, зайырлы қалпын сақтап қалуға ықпал етуі тиіс.

Тұжырымдаманың жүзеге асырылуы жаңа геосаяси шынайылық, ішкі және сырт­қы қатерлер аясында Қазақстанда тұрақ­тылық пен қауіпсіздікті нығайтуды қам­тамасыз етуге бағытталған. Бұл жұ­мыс­тар ресми тіркелген діни бірлестік­тер­ді және мен азаматтық қоғамды тарту, бар­лық мүдделі мемлекеттік органдардың тығыз әрекеттестігі арқылы жүзеге асы­рылады.

Ресми статистикаға жүгінсек, 2017 жыл­ғы 20 сәуірдегі жағдай бойынша елі­мізде 18 конфессия атынан 3 700-ге жуық ді­ни субъект тіркелген. Еліміздегі азамат­тардың 81 пайызы – өздерін діндар адам деп санайды, 19 пайызы – атеист және аг­ностик. Діндарлардың тек 14 пайызы – өзін дін жолына ден қойған десе, 70 пайы­зы – орташа діндар деп санайды екен.

Тұжырымдама жобасын талқыға салу ба­рысында Мәжіліс депутаты Ж.Жарасов он­дағы негізгі идеяларға қолдау көрсетіп, бас­ты ережелерінің пәрменділігін арт­тыра түсу үшін қоғам мен мемлекет да­муы­­ның одан әрі бірізді дамуын қам­тамасыз ету мақсатында осы саладағы заң­­намаларды жетілдіру қажеттігін қапер­­ге салды.

 Ақордада Қазақстан мұсыл­мандары діни басқармасының өкіл­дері­мен кездесуде Мемлекет басшысының «жас буынның діни білімсіздік көрініс­тері­не жол беретінін» айтқаны есте. Осыған орай Дін істері және аза­маттық қоғам министрлігі өңір­лер­мен бірлесіп, рухани-адамгершілік тәр­бие мен қоғамда радикалдық діни идея­лар­дың таралуына жол бермеу ба­­ғы­тындағы жұмыстарды бастап кетті. Осы жерде ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың: «Бәріміз ортақ күш жұмылдырып, дін саласында дұрыс тәрбиелік және ағарту­шылық жұмыс жүргізуге, барлық діндер­дің келісімі мен бейбіт бірге тұруын ны­ғайтуға жәрдемдесуге тиіспіз. «Құдайды өз жүректеріңізден іздеңіздер» деген байыр­ғы даналық бар. Сол себепті, сіз бен біздің міндетіміз – аталған жұмысты жүр­гізе отырып, қоғамдағы әркімнің жүре­гіне осы түсінікті жеткізе білу болып табы­ла­ды» дегені біраз жайттан хабар берсе керек. 

Саны көп діни бірлестіктер...

Қазақстанда қазіргі таңда 18 конфессияның мүдделерін білдіретін үш жарым мыңнан астам діни субъектілері ресми түрде тіркелгенін жоғарыда атап өттік. Осындай діни саналуандық жағдайында дін саласындағы негізгі үдерістер мен үрдістерді елеп-екшейтін мемлекеттік саясатты жаңадан ой елегінен өткізуді күн тәртібіне қойып отыр. Осы тұрғыда, Министрікпен әзірленген және таяда Елбасы жарлығымен бекітілген Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасының маңызы зор. Дін саласындағы мемлекеттік саясатты қазіргі жаһандық үдерістер мен уақыт талабына сай қайта толықтыру мен жетілдіру мемлекетіміздің ішкі және сыртқы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берері анық.

Бұл жөнінде қоғам қайраткері, діни саладағы құжаттардың талқылауына қатысып жүрген белгілі ғалым Камал Бұрхановтың пікірі мынадай. «Діни сенім бостандығына келер болсақ, Конституцияда көрініс тапқан зайырлы қағидаттарға сәйкес, еліміздің азаматтарына сенім мәселесінде кең еркіндік берілген. Дінге сенесің бе, әне мешіт, әне шіркеу, әне синагога... Одан артық не керек? Дінге сенбейсің бе, оған да азаматтар толық құқылы. Мемлекеттің сенім мәселесінде азаматтар мен діни бірлестіктерге қоятын талабы өте қарапайым: еліміздің дін саласындағы заңдарын бұзбай, біреудің діни сенімін қорламай, діни өшпенділікті уағыздамай дінге сене бер, жұмысыңды атқара бер. Зайырлы мемлекет болып табылатын Қазақстанда барлық діндер тең, ешқандай діннің үстемдігі жоқ, азаматтар дінге сену-сенбеу мәселесінде еркін. Бұдан артық не керек? Қазақстанның дін саласындағы заңдары барлық халықаралық талаптарға толық сәйкес келеді, елімізде дін ұстану бостандығы мемлекетпен кепілдендірілген және заңмен қорғалады. Егер жағдай басқаша болса, бүгінгі күнде елімізде 3600-ден астам діни бірлестіктер тіркеліп, сәйкесінше соншама діни ғимараттар жұмыс істеп отырмас еді ғой.. Осы жерде деректерге жүгіне кеткім келеді: егер 1990 жылдардың басында елімізде 100-ге жетпейтін мешіт болған болса, олардың қазіргі саны 2600-ден асады. Осындай жоғары көрсеткіш еліміздегі православ христандарының діни бірлестіктері мен шіркеулеріне тән. Ал елімізге тәуелсіздік алғаннан кейін Батыстан келген протестанттық діни ұйымдардың саны қазіргі күні 600-ден асып жығылыпты. Осы деректер мемлекеттің дін саласындағы саясатын сынаушылардың пікірлерінің түкке жарамсыз екенін көрсетіп тұр емес пе?!» дейді ол.

Демек, Тұжырымдама дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізін құрайтын дінаралық келісімнің қазақстандық моделіне сүйене отырып, дін саласын реттеу мен жетілдіруді көздеп әзірленген. Жалпы, Тұжырымдаманы әлемде қалыптасып отырған геосаяси жағдайларды, ішкі және сыртқы қауіптерді ескере отырып Қазақстанның қауіпсіздігі мен тұрақтылығын нығайтуға негізделген кешенді құжат деп қабылдауымыз қажет.

Д.Мыңжасарқызы