11.03.2015, 18:00

Атаңның... аты

Көктөбеден көз салсаң көк түтіннен басқа түгі жоқ, жұдырықтай кезі қылдырықтай арман болудан қалған апортын Алатаудың қолат, шалғайы тұрмақ, қара базардың қалтасына түсіп, қойнын ақтарсаң да таппайтын алып Алматының қуықтай құжыраларын түгендеп жүрген кез. Етегің далақтап жұмысқа барып, екпетіңді екі тізеңе сүйеп, етік тоздырып үйелменіңе қайтатын қазіргі күні де майға бөгіп жүргеніміз шамалы. Бұл енді басқа әңгіме.

Хош. Сонымен жүріп-жүріп баурымыздан қызған түгіміз жоқ. Бірақ, «тең теңімен, тезек қабымен» тентіресін деген құдайым, күндердің күнінде өмірлік қосағымызды жолықтырды. Бұйырған кетпейді екен... Бұйырмағаннан дәмеленгенмен, дәрегейіңе келтірер дәрмен қайсы. Бас құрап, балапан күткен мекиенше алақан ысқылап жүріп жатқамыз, енді несін берер екен деп. Сондай күндердің бірінде бауыр тұтып, басымнан сипап қоятын әріптес апайым келіншегімнің сойын сұрады. Анығында, үйленгеннен кейін менің фамилияма өткен-өтпегенін. Мырс еттім. Бала күнімде бастан өткен бір оқиға көз алдымды көлегейлеп келе берді.

Атажұртқа ат басын тірегендегі алақайдың аулы көз көрмеске көш түзеп, жұртын алабота басқан күндер еді. Жаңа қонысымыз – советтік саясаттың сорпасын тұздықтау үшін баяғы қазақша атауының жаназасын шығарып, орнына Бірдеңеевка деп әспеттей салған район орталығы. Арқадағы Нұра өзенінің Құндызды деген бір тармағына қармақ салған қалың орыстың ортасында отырмыз. Қалың болғанда... қара орман емес, нулы тоғай да емес. Батпақты жердің сары қамысы дерсіз. Алыстан көз салсаң түкті басын кегжитіп сусылдай найқалады. Ортасына қойып кетсең осқылап ала жөнеле ме дейсің. Заманнан заман озғанда «...жолбарыстар жортатын сар даланы, қорсылдаған доңыздар мекен еткен...» (Мағжан) қайран Сарыарқа!

Қазақтары да біртүрлі. Атқа мінерлері. Тамырын батпақтан алғанмен қоймай, бет-жүзін биік қамыс көміп, күн көрмей әбден қайыстанған қияқ дерсіз. Сырттан келген біздерге ит көрген ешкі көзденіп одырая қарайды. Тікенегі бөртіп, кірпіше жиырылады. Жұтқан ауасы мен татқан суы бір болғасын ба, бұлар да сол, қамысша сусылдап, «...өйтпеністер, ...бүйтіністер» деп ақыл соғуға құмар. Ойқастай сөйлеп, ойындағысын айтатын еркіндеу қазақтар тегінде, үңгірде туып, орманда өскендей көрінетін болу керек.

Сонымен не керек, бастабында атамекеннің азаттығы жарияланысымен арғы-бергі ағайының алдымен жеткен өзінің қандас қазағы екеніңді дәлелдейтін түрімізден басқа түгіміз жоқ, артынан еңіреп жүріп ел қатарына қосылмасақ та, тізімге кіріп, осы ауданның адамы деген ұлтарақтай қағазбен ұлып табысқан кез. Қыстың күні болатын. Сабақтан шықсам дәлізде қақиып шешем тұр. Арғы беттегі отыз неше жылғы ұстаздық қызметтен кейін, атажұрттағы еңбек жолын шыт жаңа орта мектептің еден жуушысынан бастаған қайран шешем. Жөн сұрап ем, зейнетақысын алу үшін мені тосып отырғанын айтты. Кеужірдегі кермеден босап кетіп, кеңсіріктен кеңірдекке қарай жарыса құлдилаған ақбоз ат пен көкбоз аттың арынына қарым таппай жүрген жас баланың зейнетақыға қандай қатысы бар дерсіз. Тікелей араласым бар екен. Енді соны баяндалық.

Басқа тараптағы өзіңмен мұңдас болмаса да, тағдырлас жұрт жапырлай ұмтылысып жатқанда, түсіңде білегі білеудей жүндес қолдар төбеңді төс қылып, балғамен орақ соғып жатқан жеріңнен тарих ата нұқып оятқаны еміс-еміс есіңде. Сөйтіп қалғып-шұлғып отырып қол артқан заңды тәуелсіздігің ұлттық ұрқы суалып, тұрқы көр болған кейбір қандасыңның «паң» жүзіне қан жүгірте алмапты. Ақсұңқарұлы айтпақшы, ит пен құс жанын жаралаған Алаш анасына қайыр қыларлық ақыл-ойы асқазаннан аспаған ондай балалары үшін, бүгінгі қасиетті тәуелсіздік кешегі қасіретті тәуелділіктің жүзін жасырған қабыршық қана секілді. Ел қатарлы еңсе тіктеп, елеңдеу жоқ. Елпең қағу бар. Қайыр күткен қарындастың алдында емес, әрине. Есептесер күннің әл-әзірге қылаң бермесін сәтінде-ақ аңдап үлгерген өктем жұрттың алдында. Сондай бір сорақы кеп. Алыстан келген Қазақ байдың бір баласын кісі қатарына қосу науқанымен шет тіліндегі құжаттарын төл тілмізге аудару кезінде кәпірден жұққан тексіз «ғұрыптардың» біріне сүйеп, шешеміздің аты-жөніне тіркескен нағашы атамыздың есімін сылып тастап, орнына әкеміздің сойын тіркеп жіберген. Сөйтіп «білімпаз» дүмшелердің кесірінен шешем жалғыз күнде әкеммен аталас болып шыға келген. Бауырынан саритындардың балақ бауын тұғырынан шешіп алып, қазыққа шандығандай, әйел баласына «азаттық» әперген большевизмді қағба тұтып, тұмар қып таққан комунистердің ұрпағына еш сөкеті жоқ, әдепкі кеп көрінер. Ал үлкеннің атын атамақ тұрыпты, алдынан кесе көлденең өтпейтін қазақы тәрбиемен өскендер үшін қияс, аса шетін әрекет. ...Болса қайтейік! Шеттан келген ағайынға мемлекет қазынасынан берілер ерулік жайымен бір шаңырақ астындағы жан басын түгендеп, «қаттап-шоттау» кезінде түзікті бұзық көріп, артық қыламын деп тыртық қылған «жанашырлар» осылай деп түйсе керек.

Және тағы...

Арыға күн салып қарамай-ақ қойдық. Бергі – сәвет өкіметі орнағаннан қазақ елі дербестікке қол жеткізгенге дейінгі аралықта қан-қызыл империя арыстан текті Алаш баласының бір басына мың шеңгелін батырған қысас соңы – құлдық кеп ұлтымыздың буынына шауып, суық жүрістіге бұрымдысы мен тұлымдысы тұрмақ тышқақ лағын да алдырмас қасар мінездің өзегіне құрт түсіп, діңі солқылдақ, діні әлсіз кей ағайын ендігі жерде досты дос, ағаны бауыр байлап берер аярлыққа атын түсіп бергені шындық. Оның арты еншілес ағайын біріне бірі сенбейтұғын секемшілдікке ұласқаны да. Осы күнде құзырлы орындардағы қызметкерлердің кім екеніңді айғақтайтын төл құжатыңа қарап тұрып та есім-сойыңды өз аузыңнан және бір естімейінше көңілі көншімейтін қыжыртпа әдеті соның сорабы ма деймін.

Әуелгі арнамызды қайта тапсақ.

...Көш құлаш кезектің бел ортасында көгенсіз ошарылып, өлдім дегенде кассаның аузына ілінген шешемізден іштегі қызметкер әйел өз аты мен кімнің сойынан екенін сұрайды ғой. Құжат бойынша. Ә дегенде не дерін білмей аңырап тұрып қалған. Сосын  келін болып түскелі атасы тұрмақ, қайындарының атын атап көрмеген кемпір шешем үн-түнсіз бүгежектеп бір шетке ысырыла беріпті. Атасының атын айтқызу үшін мені ертіп алғалы келген беті екен сөйтіп.

Арқаның сары шұнақ аязы желкеден нұқығанда, жаныңды алып, қаныңды ішер қаса надандық кеудеден кері итергеніне қарамай, бюрократияның бұйра толқынына қарсы салдық, шешем екеуіміз. Әне-міне аудандық әкімшіліктің бір бүйіріне тығылған зейнетақы бөліміне де келіп жеттік. Ай соңында астауға үймелеген қойша жапырлайтын кемпір-шалдың қарасыны сұйлыпты. Кассаның үңірейген аузына үңілер кезек көп күттірген жоқ. Сонысына орай келген шаруамызды да тез қамдадық. Шыңыраудан қауға тартатын қыңыр інгенше ыңыранған кассир келіншек аты-жөнін сұрағанда шешем қасында тұрған мені түртіп қалып, мен ұлы атамның атын атап саңқ ете түстім. Бітті. Біткен жоқ. Қашан шешемнің жеке құжаттары жөнге келіп, қашан жан баласына сенбейтін қалып танытып, біліп тұрған нәрсесін екінші қайтара сұраудан танбайтын сұңқылдақтардан құтылғанша саңқылдаумен жүрдім, осылай.

Сөз жүлгесі қазақы әдеп ибаның әнтек бір қайырымы, жас адамның жасы үлкенге, әйелдің еріне, келіннің қайын жұртына деген құрмет қазығы - ат тергеу турасында екенін аңғардыңыз. Кеңес заманында кесірлі дүние ретінде мансұқталып, әлдебір алыс ауылдағы әже-апаларымыз, әпке-жеңгелеріміз болмаса, өзін қан-жынымен совет адамы санайтын басқа ағайынға жат, жағымсыз әдет көрінген осынау әдептіліктің тереңіне бойламай-ақ, бетін ғана қалқысақ...

Құтылғановтардың аулынан қыз алғандар, келінге Тұтылғанов деген өз әулетінің сойын берді делік. Демек, қарындасы ағасына... Астапыралла! Логикаға жүгінсең жүрегің лобылады. Әуелі, білмейтін жұрт солайымен қабылдап, сосын танауын тыржитып тұрып бүкіл тұқым-жұрағатыңызды сарт пен тараншының біріне тели салары да мүмкін-ау. Жарайды. Молдаға берген бала құсатпай етін де, сүйегін де сіңіріп аларға ұйғарған әулеттің мақсатына мәйек болсын делік. Келінді өз аталарының атына жаздырып алу. Сөйткен келіні текті жерден шыққан, тәрбиеге берік ибалы адам болса құп, ат тергеу дейтін аталы ғұрыпқа маңдай сүйеген. Тәлейімде олай болмай шықса? Алғаның ауыл-үйдің құрметіне бөленіп, аруақтарды бір аунатып түсірерге жарамсыз, есесіне, көрде жатқандарды өгізше дөңбекшітер шайпау шықса қайтпексіз. Шаншылған жерінен жаншылып жатып та бізін суырмайтын аш бит секілді, байының балағынан басына өрмелеп, өзегі жаттың көзіне өлген ата-енесінің құлағын қысқа күнде қырық қайтара шулатар кесірлісіне жолықсаң...

...Әл-әзірге алғаныма сойымды беріп, сорпадай араласарлық терең кетпегенімді айтып жаттым әріптес апайыма.

 

Нұрлан ҚАБДАЙ