11.03.2015, 18:00

Отанын жамандағандардан не опа күтеміз?

Қазақтардың есебінен ғана жасалып, жұрттың бәрін мәз еткен Қазақстандағы тұрақтылық «тұрақсыздардың» көзінің құртына айнала бастағанына я қуанарымызды, я қуанбасымызды білмей дал болды деген осы.

Өткеннен сабақ алмай, зардабын әлі күнге тартып келе жатқанымыз аздай, өз Отанына сыймай бас сауғалап келгеннің бәріне тағы да қақпасын ашса, енді жиырма жылдан соңғы ел ішін көзге елестетудің өзі қиын. Кеше ғана Валерий Варапай деген украиндық отағасы аянышты кейіптегі әйелі мен төрт баласының көзінен тізіп отырғызып қойып теледидардан: «майдан болып жатқан жерде өмір сүру мүмкін болмады, халықты москаль, москаль емес деп бөліп-жарады,  тыныштық жайлаған ел ғой деп сіздерге келдік» деп мүләйімсіді. Москаль – украиндар мен белорустардың, поляктардың орыстарға  қатысты кемсітіп айтатын шовинистік атауы (мысалы, орыстардың қазақтарды – қырғыз, якут, тыва, сахаларды – чукча деп атағаны секілді). «Москальдарды өлтіру керек!» деген ұранмен елді қалай басқаруға болады?» деп шағымданған украиндықты селт етпестен салқынқанды тыңдап отырып ойладым: бала-шағасын шұбыртып, біздің де аталарымыз тілім-тілім табанымен талай шекараны асып, тіршілік тапты. Елімізге оралман деген атпен оралып жатқан сол қандастарымыздың қайсысы өзі суын ішіп, нанын жеп келген Қытай мен Моңғолияны, Ауғанстан мен Пакистанды, Түркия мен Өзбекстанды дәл осылайша сайрап жамандады екен? Әйтпесе бұл көргендей қиян-кескі қантөгісті олар ауған мен талибаннан көрмеді ме екен? Кей жерінде адам құқығы аяусыз тапталып жатқан Өзбекстанда құқайдың зорын көріп келсе де, зауал тілемек түгілі, қыңқ етіп дыбыс шығарып, сыртынан  кіжініп отырғандарын естідік пе? Керісінше, өткен жылдарын жылылықпен еске алады, әйтпесе үндемейді. Тіпті салыстыруға да келмейтін мысалдар болып көрінгенімен, шекараның арғы жағындағы қалың қазақты қаңтарып қойып азаматтық беруден аянып отырғанда, өз елін қиянаттаған адамға кеңқолтық болсақ, айтарға сөз жоқ. Ашығын айтқанда, мынау Варапайдың отбасы шақырылып отыр, ал командировка деп сылтауратып келген оның туристік мерзімі аяқталатын тоқсан күннен кейін кете қоймайтыны тағы анық. Бұл жаққа қалай жол тапса, біржола қалудың да жолын дәл солай табады.

Қазақстаннан тарихи отанына көшіп кеткен украиндық болса бір жөн, өз Украинасында туып, сонда өскен азаматы азаматтығымызды алу үшін бүгін былай сайраса, алда-жалда Қазақстанның басына қара бұлт үйірілер күн туса, әне-міне жігіт болғалы тұрған ана төрт баласын қазақ елі үшін басын қатерге тігуге жіберер ме екен? Сол күні түнде көрші Түркіменстанға ауып тап осылайша аузы көпіріп ғайбаттап отыратынына бәс тігуге болады.

 Осындайда асыл дініміздің де артықшылығы еске түседі. Пайғамбар ғалайһи сәләм өзінің бір хадисінде: «Сендерге Аллаға тақуалық етуді және басшыларың хабашилік (қара нәсілді) құл болса да оны тыңдап, бойсұнуды әмір етемін....» ‑ дейді. Егер елдің патшасы діннің, отанның немесе мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында дұшпан әрі кәпір елге қарсы атқа қонуды бұйырса, орындау міндет болады. Әрине қоғам мүшелерінің әрқайсы өзінше шешім қабылдап, қолға қару алып атойлап кете беруі үлкен бассыздық және қылмыс болып саналады. Мұндай әскери шешімді мемлекеттің істерімен айналысып отырған билік басындағылар ғана қабылдайды. Әрине, пайғамбар заманынан бері түсінік те, таным да өзгерді, баласы мен әйеліне баяғыда-ақ шетелден жайлы қоныс әперіп (былтыр ғана Лондонда  5000 қазақ отбасысы тұратыны туралы ақпарат тараған-ды, ал жалпы шет мемлекеттердегі қазақстандықтардың жылжымайтын мүлкі  бүгінде 500 мыңнан асып кеткен), өзі осындағы билігі мен бизнесінде қара қазаққа ақыл айтып жүргендердің Отан алдындағы парызын қалай түсінетіні өздеріне ғана аян болар, бірақ дәстүрмен жалғасқан сол баяғы қазақы пайым қанда әлі бүлкілдеп ағып жатқандықтан, жауға қарсы соғысу жөніндегі борыш ұғымы сол күйі сақталғаны анық, тіпті жабайы есеппен алғанда, қараша ешқайда қашпайды – соғысқа барса да барады, бармаса да барады.

Соғыс болып жатқан жерді тастай қашып, пана іздеу қалыпты нәрсе. Тек биылғы жылдың ақпан айында украиналық бір отбасы Қазақстаннан пана табамын деп қашып келе жатқанда, Құлсарының түбінде тұтасымен опат болды. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі», ажалдан қашып ажалға тап болғандарға қазақ байғұс басы артық сөз айта алмады. Тап осы тақылеттес Қазақстанда қалдыру туралы әңгімені өткен айда ғана тап сол КТК арнасынан тағы бір украиндық отбасы көзінің жасын көлдетіп айтып отырған еді. Бұл теледидар арқылы жалпақ жұртқа жағдайын жария етіп айтқандары. Ал біз білмейтін, туысы мен танысын сағалап келіп, тып-тыныш өмір сүріп жатқандары қаншама. «Жеріміз көп, қаншасы келіп қоныстанса да жетіп-артылады, таршылық жасамайық» дейтіндер табылып жатыр. Өз елін жамандап келгендерден не жақсылық күтіп отырмыз? Өз қандастарымыздың келіп қатарға қосылғанына ішіміз тар, ал қашып келгендерге жанымыз ашып, жарылқағымыз келеді. Осымен қайда барамыз?

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ