Мемлекет басшысының жыл сайынғы жолдаулары халықтың әлеуетін арттыруды, мемлекеттің дамыған елдер қатарына қосылуын көздейтіні баршаға мәлім. Осыдан екі жыл бұрын қабылданған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары да осындай маңызды құжаттардың бірі. Бірақ, оның жыл сайынғы жолдаулардан ерекшелігі сол, ол әрбір тапсырманың нақты орындалуы үшін оларды қадамдарға бөліп тастаған. Әрбір қадамның ауыр салмағы бар. Ал, осы 100 қадам бірігіп 5 институционалды реформаны қалыптастырады.
Реформалардың бірі медицина саласында орын алып отыр. Турасын айтқанда, биылдан бастап елімізде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру іске қосылып отыр. Бұл туралы Елбасы Ұлт жоспарының 80-қадамында тапсырған болатын. «Мемлекет, жұмыс беруші және азаматтың ынтымақтасқан жауапкершілігі қағидаты негізінде денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық орнықтылығын күшейту. Бастапқы медициналық-санитарлық көмекті (БМСК) басымдықпен қаржыландыру болып табылады» делінген аталған құжатта.
«100 нақты қадам – Ұлт жоспарының» іске асырылуын ұйымдастыру бойынша Алматыдағы «Нұр Отан» партиясы Алатау аудандық филиалында азаматтарға «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» жүйесін түсіндіру бойынша ағымдағы жылдың 13 қазан күні тақырыптық қабылдау болып өтті. Қабылдауға «Нұр Отан» партиясы Алатау аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары М.Алмасаев, ауданның бас дәрігері А.Мазбаева, Алатау ауданы МӘМС бойынша ақпаратты насихаттау тобының мүшелері Ж.Османова және психолог Г.Өмірзақова, Алатау ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Ж.Байсарина, №29 ҚЕ қазақ тілін дамыту жөніндегі маманы О.Тоқмағамбетов және аудандық БПҰ-ның төрағалары мен аудан тұрғындары қатысты. Қоғамдық қабылдау барысында ауданның бас дәрігері Әлия Мұратқызы сөз бастап: «Біздің басты мақсатымыз – бұл «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» (МӘМС) жөнінде халыққа дұрыс мағлұматтар бере білу және оны жеткізе білу, мұнымен қоса «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың» пайдасы туралы түсіндіруі де, оның ішінде халықтың әлеуметтік деңгейін анықтау да кіреді». Сонымен қатар, медициналық сақтандыру – денсаулық сақтаудағы халықтың мүддесін әлеуметтік қорғаудың түрі. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы жиналған қаражат азаматтардың тегін медициналық көмек алуы үшін жұмсалады. Зейнеткерлерге, еңбек жасына толмаған азаматтарға, мүмкіндігі шектелген азаматтарға қызмет тегін көрсетіледі.
Медициналық сақтандыру, ең алдымен, өз денсаулығыңа жауапкершілікті арттырады. Сонымен қатар, сақтандыру қорына жарна төлеу арқылы азаматтар қалаған аурухана мен емханадағы дәрігеріне барып, емделуге мүмкіндік алады, енді емдеу мекемелері арасында бәсекелестіктің басталатыны сөзсіз. Өз кезегінде бәсекелестік медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттырады.
Аталған ақпаратты насихаттау тобы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жөнінде аудан тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарды қызықтырған сұрақтарға жауап беріп, қосымша «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» туралы толық ақпарат жазылған парақтарды азаматтарға таратты. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» бойынша халыққа түсіндірмелі жұмыстар аудандық емханаларда белгіленген кесте бойынша өтіп отырады.