$ 498.34  519.72  4.85

Н.Ермекбаев: «Біз жастарды ортағасырлық догмалар мен қараңғылықтан аулақ болуға шақырамыз»

Бүгін Астанада Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттердің жастар ісі жөніндегі кеңесінің отырысы өтті деп хабарлайды ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің баспасөз қызметі.

Кеңестің жұмысына ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нурлан Ермекбаев, Әзербайжан Республикасы Жастар және спорт министрінің орынбасары И.Бабаев, Ресей Федерациясы Білім және ғылым министрлігі Балаларды және жастарды тәрбиелеу саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры И.Михеев, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жастар ұйымдарының жетекшілері, Қазақстан Республикасындағы Армения, Белорусь, Тәжікстан, Қырғызстан мемлекеттері елшілігінің өкілдері қатысты.   

Кеңес отырысын алғы сөзімен Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нурлан Ермекбаев ашты.

«Кезінде Шығыс ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби: «Жастарыңызды көрсетсеңіз, мен сіздердің елдеріңіздің болашағын айтып беремін» - деген екен. Сондықтан да біздің елдеріміз арасындағы жастардың достық қарым-қатынастары - барлығымыздың және бүкіл тұтас қоғамымыздың өркендеудің кепілі», - деді өз сөзінде Н. Ермекбаев.

Министр Кеңес қатысушыларын Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізгі бағыттарымен таныстырып, және жастар арасында діни экстремизм мен радикализмнің алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жайында әңгімеледі.

«Қазіргі уақытта жастар барлық дәстүрлі діндерге және жалпыға ортақ құндылықтарға айналған рухани, моральдық, этикалық принциптерді дұрыс түсініп, бұған оң көзқараспен қараулары тиіс. Біз жастарды білімді болып,  тек қана алға ұмтылуға, ортағасырлық догмалар мен  қараңғылықтан аулақ болуға шақырамыз», - деді министр.

Кеңес мүшелері ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің 2020 жылға дейінгі халықаралық жастар ынтымақтастығы стратегиясын іске асыру бойынша 2016-2017 жылдардағы іс-шаралар жоспарын іске асыру, XIX Дүниежүзілік жастар және студенттер фестивалінің қорытындысы, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің «ТМД-ға арналған 100 идея» халықаралық жобасының филиалына дайындығы сияқты  басқа да мәселелерге қатысты күн тәртібін талқылады.

Кеңес мүшелері Қазақстанның патриоттық және экологиялық тәрбилеу, волонтерлік қозғалысты дамыту және жастар ресурстық орталықтарының қызметін ұйымдастыру бойынша озық тәжірибесін атап өтті. Сонымен қатар, отырыс аясында «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының қызметі таныстырылды.

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жастар ісі жөніндегі кеңесіне Қазақстанның төрағалық етуі сәтті  аяқталды.  Енді төрағалық ету тізгіні Қырғыз Республикасына берілді.  

Бұдан бөлек, отырысқа қатысушылар Қазақстанның Кеңеске жоғары деңгейде төрағалық еткендігін атап өтіп, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне алғыстарын білдірді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары