24.11.2017, 04:32

Маңғыстау облысындағы мешіт-медреселерге бейнебақылау камералары орнатылмақ

Өкінішке қарай, еліміздің батыс облыстарында деструктивті діни ағымдарға, соның ішінде салафизм ағымына еріп кеткен азаматтар саны өте көп. Елімізде соңғы 5-6 жылда орын алған лаңкестік оқиғалардың басым бөлігі де осы батыс өңірлерінде тіркелген еді. Жыл сайын Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан оббыстарында радикалды көзқарастағы бірнеше адам ұсталып, сотталып жатады. Сондықтан, бұл аймақ күштік құрылымдардың басты назарында.

Мәселен, кеше Ақтауда Маңғыстау облысының лаңкестікке қарсы комиссиясының отырысы өтті. Жиында облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының өңір халқымен деструктивті діни ағымдардың идеологиясына қарсы шаралар, мемлекеттің терроризм күрес саясаты туралы халықты ақпараттандыруы талқыланды.

Жыл басынан бері бұқаралық ақпарат құралдарында діни экстремизмнің алдын алу және тұрғындардың діни сауаттылығын арттыруға арналған барлығы 400-ге жуық материал жарық көрді. Оның ішінде, баспа басылымдарында – 150-ге жуық мақала, теледидар эфирінде – 100-ге жуық сюжет, ғаламтор сайттарында – 150-ге жуық материал жарияланған.

«Қазақстан-Ақтау» телеарнасында есепті кезең ішінде «Адасқандар» спектаклінің жазбасы, «Адасқан ағымдар», «Осужденные», «Заблуждение», «Жиһад деген не?», «Сирийский капкан», «Что наша жизнь», «Покаяние», «Час Х», «Ата жолы», «Спецрепортаж», «Круговерть (Такфир)», «Радикализм матрицасы» және басқа да бейнефильмдер көрсетілді. Сапалы және расталған ақпаратты жеткізу мақсатында өңірлік деңгейде тілшілер пулы құрылған, дәстүрлі және дәстүрлі емес діндер бойынша сауаттылығын арттыру мақсатында семинар-тренингтерге қатыстырылып отырады,-деді ішкі саясат басқармасының міндетін атқарушы Құрманбек Жұмағали.

Лаңкестікпен күресу мақсатында Денсаулық сақтау басқармасы 7 топтан тұратын өңірлік жедел штабты медициналық-психологиялық қолдау тобын құрды. Аймақтың 12 медициналық мекемесінде 15 миллионнан астам теңгеге бейнебақылау жүйесі орнатылған.

Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қуанар Базарбаевтың мәліметінше,  облыста шұғыл құтқару және жедел жұмыс күштерінде  120 адам бар және 24 бірлік техникамен жарақтанған. Басқармада авариялық-құтқару қызметтерімен 11 тікелей телефон желісі қосылған.  Халықты жедел хабардар ету үшін SMS-хабарлама арқылы ескерту жүйесі қолданылады. Азаматтарды қорғау және төтенше жағдай салдарын қалпына келтіру мақсатында шұғыл әрекет ету топтары құрылды.

Лаңкестікке қарсы комиссиясының отырысында төмендегі шешімдер қабылданды. Атап айтсақ, жергілікті телеарнада, халық көп шоғырланған алаңдарда, қалалар мен аудандарда LED – экранда үздіксіз тұрғындардың діни сауаттылығын арттыруға арналған бейнебаяндар тарату; Жергілікті БАҚ-та антитеррорлық сипаттағы мақалаларды ай сайын жариялау; Дін істер басқармасының тапсырысына сай, жат ағымдарға және жалған діни ұйымдарға қарсы тұра алатын білікті теологтармен қамтамасыз ету; Халыққа терроризм актілерінің алдын алуға көмек көрсететін бейнебаяндар жариялау; Шетелде діни білім алудың қаупі туралы жастар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту; «STOP SECT Aktau» интернет-қоғамдастығында халықтың діни сауаттылығын арттыру, ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттауға және жастардың рухани әлеуетін дамытуға бағытталған материалдарды орналастыру;Мешіттерде, сауда орындарында, әлеуметтік мекемелерде діни әдебиеттердің заңсыз таратуды анықтау және алдын алу; Барлық облыстағы діни ғимараттарды бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз ету.