27.11.2017, 04:35

Ақтауда діни ағымдарға кіріп кеткен тұрғындар азан шақырып қойған аттарын өзгертіп жатыр

Бір ғана Ақтау қаласының өзінде жыл басынан бері 205 адам азан шақырып қойған атын өзгерткен. Бұл туралы "Қазақстан-Ақтау" телеарнасының тілшілері хабарлады.

Сарапшылардың мәліметінше, бұл азаматтардың шамамен 10 пайызы өз есімдеріне көңілдері толмай, заманауи есімдерді таңдаған екен. Ал, қалғандары діни көзқарастарына байланысты аттарын арабшаға өзгерткен. Сондай-ақ, шетелдікке тұрмысқа шыққан қыз-келіншектер де күйеулерінің қалауымен есімдерін ауыстырып, жеке куәліктерін алмастырып жатады.

"Бала 10 жасқа толғанша төлқұжаттағы есімін тегін өзгертуге болады. 16 жасқа толып, азамат жеке куәлік алғаннан кейін ол ХҚКО-ға өзі барып-ақ есімін өзгертуге байланысты өтініш қалдыра алады. Бұл процесс қазір біршама уақытты алады. Алайда, болашақта тек 2 сағатта ғана жұмысты бітіруге болады", - дейді Ақтау қалалық АХАЖ бөлімінің басшысы Айша Елемесова.

Қазір кейбір қазақстандықтар жаңа туған сәбилеріне ешқандай мән-мағынасы жоқ атаулар қоя бастаған дейді жергілікті имам-молдалар. Мәселен, жуырда ғана Астана тұрғыны баласына Бәйдібэкспо деген есім берген. Сондай-ақ, Саммит, Азиада секілді де атаулар кездеседі.

"Балаларына мән-мағынасы жоқ есім беру дұрыс емес. Сәннің соңынан қууға болмайды, балаға мағынасы бар, ертең өзі ұялмайтын ат қою керек", - дейді Маңғыстау облыстық Орталық мешітінің бас имамы Қ.Қамбарұлы.АХАЖ бөлімінің мәліметінше, Ақтауда 2017 жылы 7 мың сәби дүниеге келіпті. Оларға ата-аналары көбінесе Әлихан, Дінмұхаммед, Раяна, Кәусар деп ат қойған.