Мао Цзэдун билікте отырған жылдары Қытай халық республикасы мемлекеттік Кеңестің премьері қызметін атқарған Чжоу Эньлайдың (1949 жылдан 1976 жылдары) еңбекақысы 404 юань 80 тиын болады. Әйелінің еңбекақысын қосқанда айына 747 юаньды құрайды (22410 теңге).
Олардың барлық тұрмыстық кіріс-шығысын Чжоу Эньлайдың шофері басқарады. Ол үйде кім тұрмыстық бұйымдар сатып алса да чекті дұрыстап жаздырып, кем дегенде екі адамның қолын қойдырып, шоферге табыс етеді. Шофер оны Чжоу Эньлайдың әйеліне тапсырады. Чжоу Эньлайдың ай сайын отбамсына жұмсалатын қаржымен жұмысы болмаса да, бір жолы ойламаған іс туылады. Әйеліне соңғы екі айдағы тұрмыстық кіріс-шығысты дұрыстап есептетіп әкелткен премьер, бұрынғы айлармен салыстырғанда соңғы айларда бір-екі тиынның артық жұмсалғанына қатты мән береді. Келесі 14 тиындық ас тұзының соңғы екі айда 15 тиынға қымбаттағанына өзінің де, олардың да көзі жетеді. Қатысты орындарға дереу телефон соққан премьер не үшін ас тұзының бір тиынға қымбаттағанын түсіндіруді тапсырады. Премьерге Пекиндегі Денсаулық сақтау минстрлігі хабарласады. Олар қала тұрғындарын йод жетіспеушіліктен пайда болатын аурулардан сақтандыру үшін, ас тұзына көп мөлшерде йод қосылғандығын, сол себепті бағаның бір тиынға қымбаттағанын түсіндіреді. Сонда барып көңілі орнына түскен премьер шоферіне: «Сен ренжіме, бұл қылығым сен бір-екі тиынды артық жұмсап қойды деген күдігім емес. Қанша миллион халық тұтынатын ас тұзының бір тиынға қымбаттағаны мені бей-жай қалтырмады», - дейді.
Дайындаған Ырысбек ДӘБЕЙ