Таразда Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті күніне орай «Ұлы даланың Ұлы перзенті» атты көрме ұйымдастырылып, Елбасы туралы жазылған кітаптардың авторлармен кездесу өтті.
Шараның мақсаты – қоғамда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ҚР-сы мемлекетін құрудағы тарихи рөлін, тәуелсіз мемлекет құрудағы еңбегін өскелең ұрпаққа таныстыру.
Кездесуге Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкрекбаев, Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы Басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайнар Олжай, журналист Айтбай Сәулебектегі, «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері, Қазақстан жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Қанат Әуесбай қатысты.
Шараға жиналғандар Елбасы еңбектері және ол туралы жазылған кітаптармен арнайы ұйымдастырылған көрме арқылы танысты. Мұнда мыңға жуық зерттеулер мен фотосуреттер қойылған. Олардың кейбірінің авторлары Таразға арнайы шақырылып, Президенттің түр-тұлғасы жайында жамбылдықтарға кеңінен әңгімелеп берді.
Басқосуда облыс басшылығы, ғалымдар мен жазушылар Елбасының Қазақстанды дамыту жолындағы ерең еңбегіне ерекше тоқталды. Авторлар өз зерттеулері барысында әңгімелескен адамдардың пікірлерін, куә болған оқиғаларын өз ауыздарымен айтып берді. Бұл шара көпшілік үшін ұлт көшбасшысы жайлы мол мағлұмат алып, Президент жұмысымен жақынырақ танысуға таптырмас мүмкіндік болды.
Айта кетейік, әр жылдың 1 желтоқсаны Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті күні болып бекітілген және бұл күн мемлекеттік мереке болып есептеледі. Бұл мейрамның аталуының негізі және алғышарты болып 1 желтоқсан күні болған президент сайлауы болды. Алғашқы бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев алғашқы президент атанған болатын.