Алматылық ер азамат көңілдесімен бірге 1987 туған келіншегін итше тепкілеп, қос жағын сындырды деп жазады NUR.KZ тілшісі.
Отбасылық жанжал 28 қараша күні Жетісу ауданына қарасты қонақүйлердің бірінде орын алған. Қазір хәл үстінде ауруханада жатқан қызының жайын айтып, араша сұраған анасы «күйеу балам жазадан құтылып кете ме?» деген қаупін де жасырмады.
«Күйеу балам қызымды бұрын да сабайтын, қолын да сындырды. Араларында екі бала бар болған соң шыдап бақты. Қызым қанша мәрте төркіне қашып кетсе де, күйеу баламыз кешірім сұрап алып кетіп, біраз уақыттан соң қол жұмсайтын. Бұл жолғысы шектен шықты» , - деп жылады анасы.
Ерлі-зайыптылар барахолканың артындағы пәтерлердің бірінде тұрған. 28 қараша күні түнгі сағат 11-лердің шамасында С.Т. есімді келіншекті күйеуі үйге мас болып келіп, қорқытып машинаға салып алып, Жетісу ауданындағы қонақ үйге әкелген. Сол жерде олармен бірге белгісіз бойжеткен болған. Ер азамат әйеліне оны «көңілдесім, біз бір-бірімізді сүйеміз» деп таныстырып және олардың ойнас қылығын дұрыс қабылдауын талап етіп, ұрып-соққан.
"Көнсең де осы, көнбесең де осы. Мынау менің сүйіктім" деп жағымнан тартып жіберді. Артынша ана бойжеткен екеуі жабылып басымнан ұрып, шашымнан сүйреді. Не болып жатқанын, тіпті, не үшін таяқ жегенімді түсінбей қалдым. Күйеуімнің көңілдесі: «лауазымды қызметте жұмыс жасаймын, біреуге тіс жарсаң бауырларыңды көлікпен таптап, өзіңді өлтіріп тастаймыз» деп қорқытты» , - дейді зардап шеккен келіншек.
Басынан алған қатты соққы салдарынан С.Т. есінен танып қалып, сол сәтте күйеуімен көңілдесі оның аузына арақ құйыпты. Бет-аузы қан болып, жағы салбырап, бөлмеден шыққан әйелді бірінші қонақ үй әкімшісі көріп жедел жәрдем шақыртқан. Ал ер азамат пен оның көңілдесі С.Т- дан «өзім арақ ішіп, баспалдақтан құлап қалдым, ешкімді кінәламаймын» деп мәжбүрлеп қол хат жаздырып алып, тайып тұрған», - дейді науқас әйелдің шешесі.
Қос жағы сынған келіншек Алматы облысы аурухананасының жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан. Үсті-басының сау тамтығы қалмаған екі баланың анасы қазір тек сумен қоректеніп, артық ауыз сөз айтудан қалыпты.
Отбаслық жанжал жайлы қалалық ІІД баспасөз қызметі растап отыр.
«Қонақ үй әкімшісінің шақыртуымен 28 қараша күні «Гүлстан» қонақ үйіне «Боран» инспекторлары барған. Алайда зардап шегуші сол сәтте полицейлерге шағым түсіруден бас тартып, ешкімді кінәламайтыны жайлы түсініктеме берген. Бірінші желтоқсан күні С.Т. Алатау аудандық учаскелік полицияға қайта шағымданған. Аталған іс тұрғылықты мекен-жайына байланысты Жетісу ауданына жолданып, тергелу үстінде. Қазір отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы жұмыс істейтін ұйымдар мен тәртіп сақшылары күйеуінен таяқ жеген әйелдің қауіпсіздігін қадағалап, оқиғаның толық мән-жайын анықтайтын болады», - деді Салтанат Әзірбек.
Келіншектің талабы - өзін өлімше етіп сабаған күйеуі мен оның көңілдесін заңды түрде жазалату. Қос ғашық С.Т. ауруханаға іздеп келіп, кешірім сұраудың орнына арызын кері алуын талап етіп, қорқытып жатқан көрінеді.
Елімізде отбасылық зорлық-зомбылықтың құрбандарына арналған жүзге тарта ұйым бар. ІІМ мәліметінше 2016 жылы - 6500 әйел күйеулерінен таяқ жегенін айтып, полицияға шағым түсірген. 2017 жылдың жарты жылында 3600-ге жуық нәзік жанды жан жарының жұдырығының астында қалғанын айтып, араша сұрапты.