Елбасының «Рухани жаңғыру» идеясын жүзеге асыруға бүкіл қоғам атсалысуы қажет. Қоғамдық сананы жаңғыртуды көздейтін осынау жоба толықтай жүзеге асқан кезде ғана Қазақстан әлемдегі өркениетті 30 елдің қатарына қосылып, тиісінше халықтың әлеуеті бірнеше есеге артады.
Осы көштен қалмау мақсатында бүгін Жамбыл облысындағы кәсіподақ қызметкерлері де бас қосып, Мемлекет басшысының бастамаларын талқыға салды. Мақсат – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы басым бағыттарды жүзеге асыруға атсалысу. Олар Елбасының бағдарламалық мақаласы аясында кәсіподақ қызметінің өзіндік рөлін айқындап, болашақта тындырылар тірліктер нақтыланды.
Аймақта кәсіподақ орталығының қызметін 9 салалық және 5 жергілікті кәсіподақ ұйымы үйлестіреді. Әр түрлі салада 1265 бастауыш ұйым жұмыс істесе, 122 000-нан аса мүшесі бар. Бұл бөлімшелер жаңғыру көшіне ілесуді алдына мақсат-міндет етіп қойған. Халқымыздың ұлттық санасын жаңғырту жолында кәсіподақтықтар белсене атсалысуға мүдделі. Бұл өз кезегінде әлеуметтік серіктестіктің жаңа қатынастарын дамыту, жұмыс берушілер мен қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау, лайықты жалақы, жұмысшыларды жаппай құқықтық оқыту міндеттерін іске асырудан көрініс табатын болады.
Олардың айтуынша, 2025 жылы латын қарпіне көшу – еліміздің жаһандық үрдіске енуін тездетеді. Мұнан өзге, «Қазфосфат» серіктестігі, денсаулық сақтау сынды салаларда бастауыш кәсіподақ ұйымдары қызметінің жайы баяндалып, жыл бойы атқарылған жұмыстары сараланды. Жиында үздік қызметкерлердің еңбегі еленіп, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төсбелгісі мен құрмет грамотасы табысталды.
«Өзімізге осы рухани жаңғыру бойынша міндеттер қойып жатырмыз. Соны осы бүгінгі қатысқан кәсіподақ белсінділерінің барлығы да әрі қарай өздерінің бастауыш кәсіподақ ұйымдарына жеткізеді деп ойлаймыз. Көштен қалмауға тырысып жатырмыз», - дейді Жамбыл облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Бақыт Сапарбаева.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы биыл сәуір айында жарияланған болатын. Елбасының бұған дейінгі мақалалары ел экономикасын тіктеуге бағытталса, бұл жолғы еңбегі ел идеологиясын реттеуге бағытталған. Президенттің айтуынша, әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін тек экономикалық тұрғыдан ғана байымай, халықтың руханиятын да жөнге келтіру қажет. Сонда ғана толыққанды өркениетті елге айналуға болады.
Осы сәуір айынан бері «Рухани жаңғыру» идеясын халыққа түсіндіріп, ондағы басым бағыттарды орындау мақсатында республика аумағында мыңдаған іс-шара өткені белгілі. Солардың біразы Жабыл облысының үлесінде.