Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан шаралар легі республика аумағында жалғасуда. Іс-шаралардың форматы әр түрлі: дөңгелек үстелдер, ғылыми конференциялар, рухани азық беретін шығармашылық кештер, көрмелер мен концерттер және тағысын тағы. Ал, Жамбыл облысында Елбасының осынау идеясын жастарға кеңінен насихаттау мақсатында «Рухани жаңғыру» орталықтары ашылып жатыр. Солардың бірі күні кеше Мойынқұм ауданындағы №8 колледж ғимаратында есігін ашты.
Рухани жаңғыру орталығының ашылу салтанатына ауданның құрметті азаматтары, студент жастар мен ауыл тұрғындары қатысты. Қонақтарға колледж студенттері дәстүрлі ән мен жырдан шашу шашты. Одан кейін жаңа орталықта дөңгелек үстел өтті. Онда рухани жаңғыру бағдарламасынан туындайтын бірқатар мәселелер айтылып, бұл бағытта ауданда атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат берілді.
«Рухани жаңғыруды біз тал бесіктен бастауымыз керек. Себебі, бұрынғы тарихымызды білмей біз алда жылжи алмаймыз. Сондытан, біздің оқу орында салт-дәстүр, тарихымыз жөнінде түрлі іс-шаралар өтып отырады. Енді мына жаңа орталық тек осы рухани құндылықтарымызды жаңғыртумен айналыспақ, жастарға Елбасының осынау идеясын түсіндіру арқылы, оны жүзеге асыратын боламыз», - деді колледж директоры Қазыбек Бейімбетов.
Рухани жаңғыру орталығының ішінен колледж студенттеріне де толық мәлімет алуға болады. Онда туған жер бағдарламасы аясындағы Мойынқұм жерінің картасы, киелі жерлер мен тарихи орындар жөнінде де мәліметтер бар. Жалпы, бұл білім ордасында бүгінде негізгі төрт мамандық бойынша ауылшаруашылығы мамандарын дайындайды. Колледж материалдық- техникалық жағынан толық қамтылып отыр.
«Негізгі мамандықтарымыздың барлығы ауылшаруашылық саласына қажетті мамандықтар. Мәселен атап айтар болсақ, ол – электр дәнекерлеуші, ЭВМ операторлары мен өзге де маман иелерін оқытамыз. Бүгінгі таңда жаңа техникамен өзге де құрал жабдықтармен қамтамасыз етіліп жатырмыз», - деді колледж қызметкері Айгүл Наушабекова.
Жиын соңында Елбасының «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» мақаласын ауданда одан ары насихаттау керектігі айтылып, бұл бағыттағы жұмыстардың жоспары таныстырылды.
Еске салайық, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы биыл сәуір айында отандық БАҚ беттерінде жарияланған болатын.