«Латын әліпбиі – бірегейлік пен жаңғыру негізі». Осындай тақырыппен Тараз қаласындағы «Достық» үйінде латын әліпбиіне көшу мен оны кең ауқымда насихаттау мақсатында жиын өтті.
Тараз қалалық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен өткен келелі кездесуге филология ғалымдары, профессорлар және тіл жанашырлары қатысты. Басқосу барысныда қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесін халық арасында түсіндіру жұмыстары бойынша ортақ ойлар айтылды. Осылайша алдағы уақытта нақты істер жоспары айқындалды.
«Әліпби ел арасында жеңіл қабылдануы үшін, оның таңбалануы да жеңіл болуы керек. Бұл жиын осы мәселе төңірегінде өтуде», - дейді жиынға қатысқан Филология ғылымдарының докторы, Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру бойынша республикалық жұмысшы топ төрағасының орынбасары Әлімхан Жүнісбек.
Сонымен қатар «Латын графикасына негізделген мемлекеттік стандарттағы қазақ әліпбиі: мақсаттар мен міндеттер» осындай тақырыппен Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде де жиын өтті. Жоғарғы оқу орнының ұжымы мен студенттері қатысқан басқосу облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен болып отыр. Аймақ тұрғындары арасында қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесі бойынша ақпараттық - түсіндіру жұмыстарын жүргізу жобасы аясында филология ғылымдарының докторы профессор Әлімхан Жүнісбек студент жастарға латын әлібиінің басым бағыттарын түсіндірді.
«Түбі бір түркі тілдес халықтардың басым бөлігі латын қаріптерін қолданады. Ғылымда медицинадағы атаулардың көбісі латын тілінде. Біз бұл арқылы өз білімізді ары қарай жетілдіретінімізге сенімдіміз...», - дейді Тараз қаласының белсенді студенті Көркемжан Қанат.
Сәйкесінше жастарда бірауыздан бұл еліміздің жалпы дамуына қажетті қадам екендігін айтуда. Дүниежүзінде бүкіл ақпараттың 70 пайызынан астамы латын әліпбиінде таратылатынын ескерсек, еліміз үшін латынға көшудің пайдасы өте көп. Сондай-ақ, бұл өзгеріс қазақ тілінің дамуына да өз үлесін қосатыны анық.
Естеріңізге салайық, кешегі қазан айының соңында Мемлекет басшысының жарлығымен қазақ тілі кирилл графикасынан латын қарпіне көшті. Енді 2025 жылға дейін ана тіліміз кезең-кезеңмен жаңа әліпбиге ауысатын болады. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында үкімет алдына қойылған тапсырма. Ұзақ уақыт бойы талқылауда болған осы тіл реформасы биыл пісіп жетіліп, ақыры жүезе асуда.