07.12.2017, 04:28

Өскемендегі балабақшалардың біріне шабуыл жасалды

Өскемендегі жекеменшік балабақшалардың біріне қарақшылық шабуыл жасалды. Бір адам трактормен мекеменің қоршауын бұзып, тас талқан еткен. Аулаға баса көктеп кірген ауыр техника жолындағысын жапырып, ғимарат ішіндегі дүниені қиратқан. Бұзақыларды тоқтатпақ болған балабақша иесі сол жерде таяқ жеп, трактордың астында қалып қоя жаздапты, деп мәлімдейді Qazaqstan телеарнасы.

Оқиға кешкі сағат 7 шамасында болған. Жұмыс уақыты аяқталып, балалар үйден қайтқан кезде «Азамат» балабақшасының алдында айғай-шу басталады.

Балабақша иесі күзетші хабарласқан соң дереу жеткен. Бұзақыларды тоқтатпақ болғанымен ол әрекетінен түк шықпаған. Керісінше, соққыға жығылып, тәртіп сақшыларын көмекке шақырады.

«Мына жерден сары газельменен «бипек» деген жазулары бар 40 жігіт забордан қарғыды бірінен соң бірі. Мен ұлыма айттым. Видеоға түсір бәрін деп. Содан бір қазақтың жігіті мені иығымнан ұрып кеп жіберіп, итергенде трактордың астына түсіп қала жаздадым. Қайта аяғымды тез жинап алып үлгердім», – дейді балабақша басшысы.

Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары басбұзарларды тегіс қамауға алған. Бірақ ұсталған азаматтар жайлы ақпарттарды жарияламай отыр. «Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері осы оқиғаға қатысты барлық тұлғаларды ұстады. ҚР ҚК 389 бабының 2-тармағы бойынша, өзінше билік жасау белгілері бар деп тергеу амалдарын жүргізіп жатыр», – дейді ШҚО ІІД баспасөз хатшысы Бақытжан Торғаев.

Мектепке дейінгі мекеме жұмысын уақытша тоқтатты. Оқиға туралы ата-аналар таңертең балабақшаға келгенде бір-ақ білген. Балаларының қауіпсіздігіне алаңдаған жұрт қолдарына плакат ұстап, наразылықтарын білдірді. Көпшілік бұл оқиғаға облыстықт маслихат депутаты Анатоли Балушкиннің қатысы барына шүбә келтірмейді.

«Депутат Балушкин осының бәрін істеп отыр дейді. Бұл дұрыс емес. Бүгін балаларымыздың бәрі далада қалды», – дейді ата-аналардың бірі.