Алматыдағы Республика сарайында 10 желтоқсан күні қала әкімдігінің бастамасымен Астананың қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан лауреаттарды «Астана – Ардағым» мерекелік сыйлығымен марапттау рәсімі өтеді.
«Астана – Ардағым» мерекелік сыйлығымен Алматы қаласында тұрған әрі туылған және Астананың қалыптасуына айтарлықтай үлес қосқан, Президенттің астананы көшіру туралы шешіміне барынша қолдау көрсеткен қайраткерлер марапатталады.
Алматы қаласының Мәдениет басқармасы хабарлағандай, «Астана – Ардағым» сыйлығы 20 сала бойынша беріледі, олар: білім мен ғылым, сәулет пен құрылыс, денсаулық сақтау, спорт, өнер, кинематография, журналистика және әдебиет салалары.
«Бүгінгі күні Алматы қаржы және экономикалық магнит ретінде еліміздің саяси орталығы – Астананы үйлесімді толықтыруда. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, күшті саяси орталық пен либералды қаланың келісімі мемлекеттің тұракқты дамуына ықпал етеді», - деп атап өтілді Алматы әкімдігінде. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «Астананың тағдыры – екі ғасырды артқа тастаған барша қазақстандықтардың тағдыры. Бұл заманауи мемлекетке айналған, жаһандық қоғамдастық таныған және құрметтеген, Ұлы жолдан өткен тәуелсіз Қазақстанның тағдыры» деген сөздері еске түсірілді.
Номинанттарды іріктеу конкурстық комиссияның http://astana.ardaq.kz сайтында ашық дауыс берулері арқылы 9 желтоқсанда Астана уақытымен 00:00 сағатта аяқталады.
Еске салсақ, келер жыл Қазақстан астанасы үшін мерейлі жыл. Алматыда Астананың 20 жылдығын мерекелеуге арналған бірқатар ауқымды мәдени шаралар-концерттер, фестивальдер, көрмелер өткізу жоспарланған.