01.12.2017, 04:25

Таразда ҮЕҰ өкілдері бас қосып, латын қарпіне көшуді қолдады

Осыдан бір ай бұрын Мемлекет басшысының жарлығымен қазақ тілі латын графикасына көшкені белгілі. Ана тілімізге жүргізілген осынау реформа қабылданбастан бұрын бүкіл елде қоғамдық талқылау жүріп, жаңа әліпбидің нұсқасын да таңдап алдық. Енді қазір зиялылар мен қоғам белсенділері қабылданған осынау әліпбиді айналымға енгізудің жолдарын қарастырып, жер-жерде жиындар өткізуде.

Осындай жиындардың бірі Жамбыл облысының орталығында өтті. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ғимаратында өткен жиында өңірдегі кіметтік емес ұйымдардың өкілдері бас қосып, латын әліпбиіне көшуге қатысты өз ойларымен бөлісті.

Мемлекет басшысы 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшу керектігін және болашақта барлық саладағы іс-қағаздар мен оқулықтар да осы қаріппен жазылуы тиіс екенін үкіметке тапсырған болатын. Жаңа әліпбиге кезең-кезеңмен көшудің жолдары нақтыланып, осы мәселе бұқара арасында кеңінен талқылануда. Сондықтан, күн тақырыбында өткір тұрған, бүгінде қоғамда қызу талқыланып жатқан өзекті мәселеге байланысты ой қозғау үшін облыстық үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығы кездесу ұйымдастырды. Оған Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов пен филология ғылымдарының докторы Әлімхан Жүнісбек шақырылып, ой бөлісті. Жаңа әліпби жобасын Астана қаласындағы атаулы орталық жасап шығарғанын ескерсек, ғалымдар жаңа әліпбидің ерекшелігіне тоқталды. Бүгінде кириллица жазуын әлемнің 12 мемлекеті ғана пайдаланады. Ал қалған елдердің басым бөлігі латын әліпбиін қолданады. Демек, бұл кең таралған жазу. Әлемнің әр түкпірінде 5 миллионға жақын қазақ тұраса, оның 80 пайызы латын әліпбиін қолданады. Яғни, бұл – сырттағы ағайынның көптен күткен арманы. Сонымен қатар, ұлттық болмыс негізінде рухани жаңғырудың мәні мен маңызы айтылды. «Рухани жаңғыру – ұлтты ұйыстыратын ұлы құндылық» тақырыбында өткен кездесу барысында үкіметтік емес ұйымдардың қызметі, еліміздің үшінші жаңғыруына қосар үлесі сөз болды.

Айта кету керек, соңғы уақытта еліміздегі Үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі артып, олар қоғамдағы жұмыстарға бел шеше араласа бастаған. Әсіресе, мемлекеттік бастамаларды жүзеге асыруда қоғамдық ұйымдар өз үлестерін қосып келеді. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының орындалуына атсалысуда.