$ 447.4  477.55  4.76

Екпе – қоғамға ортақ мәселе немесе екпе алуды міндеттеу керек пе?

Бүгінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы кеңінен талқылануда. Аталмыш заң жобасы 13 заңнамаларға енгізілетін 47 өзгерістерден құралады.

Осы заң жобасының бастапқы нұсқасында 2009 жылғы 18 қыркүйектегі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне енгізу қарастырылып отырған екпе (вакцинация) мәселесі енгізілген болатын.

Екпе мәселесінің қоғамның талқылауына ұсынылуының астарында бірөатар негізді себептер бар екені анық.

Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы құзыретті мемлекеттік органмен және оның аймақтық органдарымен екпеден бас тарту себептері мен оның динамикасы жөнінде мониторинг жүргізіліп тұрады.

2016 жылы Қазақстан Республикасында екпеден бас тартқан 9685 адам тіркелген, 2015 жылға қарағанда бұл көрсеткіш 13,4% (8383) өсіп отыр. Бас тартудың себептерін тарқатсақ, екпеден бас тартқан азаматтардың жеке ұстаным – 45% (4360) және діни ұстаным – 42,9% (4151), бұқаралық ақпарат құралдарының БАҚ) (ғаламтор ресурстары, баспасөз, ТВ) негативті ақпараттарының әсерінен 6,2% (600) тұлға екпеден бас тартса, екпеге сенімсіздік таныту себебінен 6,1% (589) бас тартқан.

Діни ұстаным себебінен бас тарту басымдылығы Қазақстанның батыс өңірлерінде өзекті болып отыр. Бұл өңірлерде діни ұстанымына байланысты екпеден бас тарту көрсеткіші 80%-ға жоғары. Соның ішінде Атырау облысында – 88,9%, Ақтөбе облысында – 87,9%, Батыс Қазақстан облысында – 89,3%. Осы көрсеткіштер Қазақстанда азаматтардың екпеден бас тартуы дәстүрлі емес діни ұстанымдар салдарынан өзекті мәселеге айналғаны байқалады.

Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы Заңнама жобасының әзірленуі барысында екпеге қатысты тақырып қоғам тарапынан үлкен талқылауға ие болды.

Арнайы құрылған жұмыс тобына азаматтардың, қоғамдық бірлестіктердің, мемлекеттік органдардың, сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысып, олардың пікірлері мен ұсыныстары қарастырылды. Сонымен қатар, халықаралық тәжірибе зерттеліп, оның қолдану жолдары зерделенді.

Бір байқағанымыз, жұмыс тобының отырысына қатысушылардың барлығы да діннің деструктивтік іс-әрекеттерде қолданылуын азайту мақсатында құқық нормаларын орнату қажет екеніне ерекше маңыз берді. Көптеген талқылаулардан кейін жұмыс тобымен қолданыстағы Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 156-бабының 1-бөлігіне келесідей мазмұнда толықтыру енгізу ұсынылды:

«...Кәмелетке толмаған баланың (балалардың) ата-ана немесе оның заңды өкілдері Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен көзделген тәртіппен инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы профилактикалық шараларды қолдануға міндетті».

Сонымен қатар, заң қабылданған соң оны орындаудан бас тартқандарға қарсы жауапкершілік болуы керек деген қорытындыға тоқтағаны белгілі. Осыған орай, Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің430-1-бабы «Кәмелетке толмаған баланың (балалардың) ата-аналарының немесе олардың заңды өкілдерінің Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген инфекциялық және паразиттік аурулардың алдын алудан жалтаруы он айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуға алып келеді» - деп толықтырылды.  Аталмыш бап бойынша ата-ана немесе оның орнын басатын жауапты тұлғалар балаларына инфекциялық және паразитттік ауруларға қарсы екпе егуден бас тартқаны үшін құқықтық жауапкершілікке тартуды талап етуді көздеген болатын.

Бұл жерде көңіл бөлетін тағы бір мәселе бар. Мемлекет тек дінді ұстанушылармен ғана күресіп жатқандай көрсеткісі келіп, түбегейлі жаңылыс ақпаратты жүргендер баршылық. Кез келген айыппұл санкциясы ҚР ӘҚБК жүзеге асып жатқан санкция төңірегінде қарастырылады және ол тек діни ұстанымы үшін ғана емес, осы талапқа бағынбағандардың барлығына бірдей тең қолданылады.

Меніңше, осы мәселені дінмен байланыстыра қарау бар кезде дұрыс емес. Қарап отырсақ, соңғы жылдары әлемнің басқа елдерінде де екпеге қарсылық білідіретін ата-аналар қатары өсіп келеді. Бұған себеп, бір жағынан, екпе салдарынан ауруға шалдыққан бала санының өсуі болса, екінші жағынан, әлеуметтік желілерде вакцинаға қарсы антирекламалық бейнероликтер, мақалалар мен жаңалықтар көптеп жарық көруі түрткі болуда.

Сондықтан, екпеден бас тартуды тек қана діни себептермен түсіндіруді орынсыз деп санаймын.

Әрине, бұл діндарлардың белгілі бір топтарының арасында бұл мәселе жоқ дегенді білдірмейді. Ол бар. Біз бұл бағытта жергілікті атқарушы органдармен және Муфтиятпен бірлесіп, жұртшылық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз.

Санитарлы-эпидемиялогиялық қызмет тарапынан діни бірлестік өкілдерімен белсенді жұмыс жасалып жатқанын айтып өткен жөн. Жұмыс барысында діни бірлестік өкілдері тарапынан діннің екпеге қарсы емес екені айтылып, халыққа тікелей түрлі дін өкілдері арқылы жеткізілуде.

Екпе салуға белсенді қарсылық көрсететіндердің қатарында деструктивті діни ағымдардың өкілдері басымдау екені белгілі. Сол себепті осы топқа жататын тұрғындармен жұмыс жасау қиындық тудыруда (олар екпеден бастартуға әкеп соқтыратын қасаң көзқарас ұстанады, осы мәселені талқылауға ықыластары өте төмен).

Сонымен қатар жақында ғана Ақтөбе облысында іссапарда болғанымда қызық бір оқиғаны мешіт имамының аузынан естідім. Облыстық денсаулық сақтау мекемесінің маманы дін қызметкеріне екпе алуға қарсы болсаңыз онда діни көзқарасыма байланысты бас тартамын деп жазып бере салыңызшы деп қол қойдырып алған. Содан кейін, есеп беру барысында мешіт имамы да діни көзқарасына байланысты екпеден бас тартуда деген ақпаратты ақпарат құралдарын атаратып жібергені туралы айтып берді. Сондықтан екпе төңірегіндегі әрбір оқиғаға жеке жеке үңіліп қарауымыз орынды болады.

Бір жағынан, екпе дінде харам деген ұғымды таратып жүргендер де кедеседі. Егер екпе харам болса, Сауд Арабиясы Королдігі жыл сайын қажылыққа баратын азаматтарымыздан жұқпалы ауруларға қарсы екпе алуды талап етпейтін еді ғой. Тек қана Қазақстаннан ғана емес иісі мұсылман әлемінің 100-деген елінен, оның ішінде Египет, Түркия, Малайзия, Иран,  Пәкістанің қажылары да екпе харам деп шу көтеріп жатқан жоқ.

Сонымен қатар, ислам әлемінің көптеген беделді халықаралық ұйымдары бар. Олардың ішіндегі ең үлкені 57 ислам мемлекеті мүше болып табылатын ислам Әнтымақтастығы ұйымы болып табылады. Осы ұйымдардың ешқайсысы да екпе харам деген пәтуа бермеген. Сондықтан діни көзқарасына байланысты екпеден бас тарту дұрыс емес екенінн назар аударғым келеді.

Ал, екпенің сапалы болуы, екпе алатын баланың денсаулығының сау екендігін анықтап барып екпе егу мәселелері бойынша дәрігердерлерді де, ата-аналармен де түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды болып табылады.

Осы ретте екпе мәселесі тек Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің ғана мәселесі емес, ол қоғамның ортақ мәселесі екеніне назар аударғым келеді.

Заң жобасы талқыланды, өзгерістер мен ұсыныстар енгізіліп жетілдірілді. Осының барысында қоғамның мүддесі ескеріле отырып, екпе алуға қатысты бап заң жобасынан алынып тасталды.

Дегенмен, екпе тақырыбы алдағы уақытта да терең талдауды қажет ететіні сөзсіз.

Денсаулық сақтау министрлігі мүдделі мекемелер және ұйымдармен бірлесе отырып осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіру тетіктерін жасауға назар аударғаны орынды болады.

Балғабек МЫРЗАЕВ,
Теолог, «Kazislam» порталының сарапшысы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары