12.12.2017, 13:54

Ақмола облысының 3 тұрғыны шетелдік лаңкестермен байланысып, оларға көмектеспек болған

Шетелдік лаңкестермен байланысты деген күдікпен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Степногорск қаласының үш тұрғынын ұстады. Бұл туралы комитеттің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Алдын ала болжам бойынша, күдіктілер әлеуметтік желі арқылы лаңкестермен байланысқа шығып, олардың үгіт-насихатын Қазақстанда жүргізуге көмектескен.

"12 желтоқсанда ҰҚК ішкі істер органдарының қызметкерлерімен бірігіп, жедел-іздестіру шаралары нәтиджесінде Ақмола облысы Степногорск қаласының үш тұрғынын ұстады. Бұл тұлғалар Ғаламтордағы әлеуметтік желілер арқылы халықаралық лаңкестік ұйымдардың үгіт-насихаттық материалын жүйелі түрде таратып, шетелдік содырларға көмектескен", - делінген ҰҚК баспасөз қызметінің хабарламасында. 

Қазіргі таңда лаңкестікті насихаттау мен қаржыландыру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Ал, күдіктілер болса қамауда.