Астанада ЭКСПО-ны салған құрылысшылар жалақыларын әлі алған жоқ. Маңдай тер, табан ақысын талап етіп, шетел компаниясының есігін күзетіп жүргендеріне 6 айдан асыпты деп мәлімдеді 31 арна.
Халықаралық шараға үлгеру үшін күні-түні тынбай тас төсеген жұмысшылардың айтуынша, мердігерлер оларға 40 миллион теңге қарыз екен. Еңбек ақыларын сұрап барған қарапайым халыққа зәулім ғимаратта отырған компания өкілдері жауап беруге де жарамады. Жалақысын даулаған жұмысшылардың жанайқайын Гүлбану Әниятқызы тыңдап қайтқан.
“Симбол” компаниясы кеңсесіне бұл жігіттер дүрілдеген ЭКСПО көрмесі біткелі күнде келетін болған. Айтуларынша, ЭКСПО-ның шар іспеттес ғимараты мен Конгрес холына тас төсеп шыққан жүз шақты жұмысшының алашағы 40 миллион теңге. Құрылыс аяқталғанша, тыным бермеген мердігер мен субмердігер еңбекақымызды төлер кезде бір біріне сілтеп қашып жүр», – дейді.
“Істедік біз. Таңертең түнімен. Сондағы еңбекақымызды ала алмай. Есіктерін жауып тастаған. Әр келгенде осындай”, – дейді жұмысшы Ғалымжан Рахматолла.
Тәулік бойы тыным көрмеген жігіттер ЭКСПО ғимаратын тезірек бітіріп, шетелдіктердің алдында ұятқа қалмас үшін аянбадық деп отыр. Мердігер компания басшылары алдымен халықаралық шара кезінде шу шығармаңдар деп тоқтатып, «ЭКСПО өткесін жалақыларыңды түгел береміз» деген уәде беріпті. Алайда, көрмені өткізіп алғаннан кейін бас мердігер мен қосалқы компания өкілдері бір біріне сілтеп, еңбекақының 10 пайызын ғана төлеуге үгіттей бастады дейді жұмысшылар.
“Менің бригадама 41 млн қарыз. Олар маған 10 млн шығарып тұр. Біреуіне 100 мың, елу мың шығарып тұр”, – дейді жұмысшы Сәбит Әбдікәрімов.
Жұмысшыларға алдымен есігін іліп алып, артынша қарызды қайтарамыз деп шақырып алған компания өкілдері тілшілерден тығылып шықпай қойды. Жалақысын даулап келген жұмысшыларға жауап айтуға да жарамаған. басшылары жылы жерде шәй ішіп отырды. Ал, Астананың аязынан жылынуды ғана сұраған жігіттерді күзетшілер мәжбүрлеп қуып шықты.