ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Қарағанды облысындағы кеншілердің наразылығына қатысты пікірлерін білдірді. Наразылық акциясы бірнеше күннен бері жалғасып жатса да халық қалаулылары бүгінге дейін жұмған ауыздарын ашпай отырған болатын. Енді олар Азаттық тілшілеріне осы жайтқа қатысты өз ойларын айтты.
«Әлеуметтің әлеуеті ең бірінші кезекте қаралуы керек. Жұмысшылардың жағдайы қаралуы керек. Сондықтан да ол мәселені жан-жақты зерделеу керек. Менің ұстанымым елдің, жердің әлеуетін қарастыру», – дейді халық қалаулысы Бақытгүл Хаменова.
Ал, депутат Тарас Хитуов болса бұл мәселенің туындауына бір себеп болғанын және оны әділетті шешу керектігін алға тартты.
«Қазір келісім жұмыстары жүріп жатыр. Енді шешілетін сияқты. Шешу керек. Неге десеңіз, мына жұмысшылар тектен-тек талап қоймайды ғой. Бір себеп болған. Оны дұрыстап шешу керек. Екі жақты да: жұмыс берушіге де, жұмысшыларға да, шахтерлерге де бәрі лайықты болатындай етіп шешу керек», – деді Хитуов.
Владислав Косарев те әріптестерінің пікірімен келісе отырып, кеншілерді қолдайтынын жеткізді.
«Дұрыс талап қойып отыр. Менің ойымша, кеншілер барлық жұмысшы табына үлгі көрсетіп отыр, жұмыс берушіден лайықты еңбекақыны талап ету керек. Өйткені кәсіпорынның қандай табыс табатынын ешкім де білмейді. Ал, оны сол жерде жұмыс істейтін әрбір адам білуі керек», – деді еліміздің бас коммунисті.
Депутат Сергей Звольский қаражатсыз өмір сүрудің мүмкін еместігін, оларды да түсіну керектігін баса айтты.
«Жалақыларын тек көтеру ғана емес, уақытында төлеу де қажет. Бұл өте маңызды. Өйткені, біздің де, олардың да отбасы бар. Оларды асырау керек. Балаларды оқыту керек. Ақшасыз қалай өмір сүруге болады?», – дейді депутат.
Еске салайық, Қарағандыда желтоқсанның 11-нен бері кеншілер жұмыс берушіден жалақыларын көтеруді талап етіп, наразылық акциясын өткізіп жатыр. Олар ереуілді шахтада өткізуде.