Алматыда 1 желтоқсаннан бастап, BRT жүрдек автобустар жолының алғашқы желісі пайдалануға берілді. Жоғары жылдамдықпен жүретін автобустар жолы қала бойынша 2020-жылға дейін салынып бітпек. Алдағы 3 жылда автобустарға арналған жол ұзартылып, бас-аяғы 22 шақырымнан асып жығылады деп жоспарлануда.
«Оңтүстік астананың» тағы қандай көшелерінде жүрдек автобустар жүйіткейтінін Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жол инфрақұрылымы бөлімінің басшысы Ернұр Абжахан айтып берді.
Оның айтуынша, BRT жобасы тұрғындар үшін де, жергілікті билік үшін де әлдеқайда тиімді. Яғни, оның арнайы жолақтан айырмашылығы да жоқ емес.
« BRT желісінің арнайы жолақтан айырмашылығы дәліз бойынша жоспарымен ерекшелінеді. Сондай-ақ, BRT дәлізінде тек қана арнайы жолақ ғана емес, бағдаршамдарды жөндеу жұмысы, велосипед жолы, жаяу жүргіншілер жолы және жаңа жүйеге сай аялдамалар қарастырылған», - дейді Ернұр Сағатханұлы.
Ол аталған желінің қай көшелер арқылы жүргізілетінін де айтып өтті.
«Қазіргі таңда BRT жілісінің алғашқы ағыны іске асырылуда. Ол Орбита шағынауданынан бастап, Рысқұлбеков, Мұстафина, Сүлейменов, Желтоқсан көшесіне дейін жоспарланған. Соның бірінші учаскесі биылғы жылы іске асырылды. Бұндағы ерекшелік аялдамалардың арнайы жолақтың бойында орналасуында», - дейді бөлім басшысы.
Оның айтуынша, жаңа автобус жолақтары алдағы уақытта өзге де көшелелерде пайда болады.
Келесі жылы осы биыл жасалып жатқан бірінші учаскенің екенші бөлімі жасалатын болады. Олар Жандосов пен Тимирязев көшесінің бойында жасалады. Қазіргі таңда BRT желісінің екенші құжаттамалық сметасы әзірленуде. Алда Желтоқсан мен Төлеби, Төлеби мен Шығыс айналма жолына дейін және Шығыс айналма жолымен қала шекарасына дейін жасалмақ.
Айта кетейік, аталған жоба «Алматы-2020» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр. Мегаполистік даму бағдарламасы бірнеше басым бағытты қамтиды. Соның ішінде көлік инфрақұрылымы да бар. Алдағы 3-4 жылда осы бағдарламаны жүзеге асыру аясында Алматының автопарктері жаңартылып, жаңа автобус жолақтары пайда болады. Бүгінгі күннің өзінде қалаға 400-ден астам су жаңа автобус жеткізіліп, олар қолданысқа берілді. Барлығы да жайлы, экологиялық тұрғыдан таза.