$ 444.22  476.38  4.82

Алматыда 12 мың волонтер мұқтаж жандарға тегін көмек көрсетіп келеді

Алматыда 12 мыңға жуық азамат ерікті түрде тегін жұмыс істейді. Бұл тек тіркелгені ғана. Олардың барлығы қарапайым халыққа көмек қолын созуда. Былтырдан бері оларға заң жүзінде ерікті немесе волонтер деген статус та берліген еді.

Мәселен, алматылық 18 жастағы Сардор есімді жігіт ерікті болып өмір бойы жұмыс істеймін деп алдына қойған мақсаты айқын азаматтың бірі. Жақсылық жасағаным үшін ақы төленбейтіндігіне еш өкпесі жоқ. Өйткені өмір үшін тәжірибе инақтауға мол мүмкіндік алуда.

«ЭКСПО-да мен бір ай ерікті болдым. Мен өзім медицина саласында оқығаннан кейін, мен ол жаққа медик-волонтер болып бардым. Дәрігерлердің қасында жүріп көп нәрсе үйрендім. Көп адам талып қалып жатты. Электрокардиограмма түсіру, укол жасау бәрін үйрендім. 1-ші курс бітіргеннен кейін мен ол туралы ешнәрсе білмейтін едім», - деді еркіті Сардор БАЙМЕНОВ.

«Еріктілер лигасы» қоғамдық қорында бас-аяғы 12 мың азамат тіркелген. Ең кішкентай волонтер -12 жасар бала болса, үлкені 70-тен асқан қария екен. Барлығының көздегені бір. Ол - айналасын сәлде болсын нұрландырып, дәрменсіз жандарға жәрдемдесу. Жетім балалар мен қазыналы қарттарды тек мейрам кезінде ғана жапа тармағай іздеп ілтипат көрсету емес, олардың жанынан үнемі табылғанды жөн көреді. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жарым жандардың жүріп-тұруына да қолғабыс көрсеткенді құп деп біледі. Керек десеңіз, ізім-ғайым жоқ болып кеткен кісілерді іздестіруге келгенде де кері шегінбейді. Айтпақшы, биыл жоғалған екі адамның табылуына еркітілер үлестерін аямапты. Жыл басынан бері осы секілді ірілі-ұсақты 35 жоба жүзеге асырылыпты. Оған жергілікті қазынадан 15 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінген.

«Ардагерлермен сөйлесіп жүрген де, біздің түсінгеніміз оларға тамақ та, сыйлық та керек емес. Оларға осы жастардың уақыты керек. Келіп қасына әңгіме айтқаны керек. Жастар идеямен жүгіріп жүре береміз. Әлемге, қаламызға әсері тиетін жобалар жасап жатамыз, сол кезде айтады бізге «балаларым мынау экологияға дұрыс келмейді, оданда былай жасаңдар» деп. Олардан да көптеген үлес өзімізге аламыз», - деді «Еріктілер лигасы» қоғамдық қорының төрағасы Азиз КАЖДЕНБЕК.

Былтыр бұл азаматтарға заңды түрде «еріктілер» деген статус берілген. Алайда, қоғам белсенділері бұл бастамаларын жұмыс деп есептейді. Сондықтан да, өзге елдердегідей біздің де еңбек кітапшамызға жұмыс тәжиірбесі ретінде жазылса деген тілектерін тілге тиек етті.  

«Мысалы, Универсиаданы алатын болсақ, 14 мыңнан астам өтініш түскен болатын. Соның ішінен Алматы қалсының мен деген 3 мың еріктісін таңдап алған болатынбыз. Ал ЭКСПО көрмесіне 4500 ерікті қатысса, Алматы 3 рет 300 ден 900 ерікті алып барды. ЭКСПО басшылығының мәліметі бойынша, Алматы қаласы еріктілердің ішінде ең мықтысы болып табылды», - деді «Еріктілер лигасы» қоғамдық қорының үйлестірушісі Қымбат НҰРДӘУЛЕТ.

Өз жұмыстарына білек сыбана кіріскен еріктілер, қоғамның кез келген мәселесімен бетпе-бет кездесуден қорықпаймыз, әрі оны шешу жолында маңдай терді төгуге тартынбаймыз, дейді. Осы ретте, қолғабыстықты  қажет еткен алматылық  ағайын қоғамдық қордың телефон нөміріне қоңырау шалса да болады.  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары