$ 498.34  519.72  4.85

Алматының тағы бір шағынауданына су құбыры мен кәріз құбыры тартылады

Алматыдағы «Думан» ықшамауданына су және кәріз құбырын жүргізу жұмыстары көктемде басталады. Сонымен қатар, 2018-ші жылы таулы аймақтарда орналасқан «Каменское плато», «Кеңсай», «Сұлусай», «Көлсай», «Бутаковка» шағынаудандарына көгілдір отын тартылмақ. Бұл туралы «Медеу» ауданының әкімі Ержан Жылқыбаев Алматы аудандарының дамуына арналған брифингте мәлімдеді.

Сондай-ақ, осы жылдың соңына қарай 4 балабақша ашылмақ. Кездесу барысында көк базар маңындағы заңсыз ұялы телефон сататындар мен бір пәтерді тәулікке  жалға беретіндер туралы да сөз болды. Енді, заңсыз кәсіпкерлер сауда орындарын жалға алып жұмыс істеуге тиіс.

«Көбісі кетті. Біз тізім бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Қасында «Мегатау», жанында міне базардың ішіне кіріп, заңды салығын төлесеңіз, ешкім сізге тиіспейді, таза жерде сатыңыз. Біріншіден – көбісі  салықтан қашады, екіншіден – тез өтімді болғаннан кейін халыққа көшеде қызмет жасайды», - деді Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі Ержан Жылқыбаев.

Жалпы, аудан бойынша «бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 14 жоба жүзеге асырылып, 200-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылыпты.  Сондай-ақ, соңғы 10 айда сауда айналымы 288,6 миллиард теңгені құраған. Ал, өнеркәсіп өнімінің көлемі 99 миллиард теңгеге жуықтайды. Бұл, өткен жылмен салыстырғанда 30 миллиард теңгеге көп екен.

Осы ретте айта кету керек, қараша айының басында Наурызбай ауданының тұрғындары да таза ауыз сумен қамтылған болатын. Жаңа инженерлік желілердің іске қосылуы арқасында «Алты алаш», «Қалқаман-2» елдімекендеріндінің жеке секторындағы 5 мың үй мен «Қалқаман-3» ықшам ауданындағы 30 мыңға жуық тұрғын таза ауыз суға ие болды.

Бұған дейін аталған елді мекендердің тұрғындары техникалық талаптар сақталмаған жеке су скважиналарын және қолдан жасалған су желілерін пайдаланып келген еді. Соның салдарынан апаттар жиі болатын, ал жаз айларында суды көп тұтынатындықтан қысым төмендеп кететін.

Келеңсіз жайттардың алдын алу және суық сумен тұрғындарды тұрақты қамтамасыз ету үшін жаңа желілерде насосты станциялардың қуаты арттырылды. Ал басқармадағылардың айтуынша, ендігі кезекте «Алты Алаш», «Қалқаман-2» ықшам аудандары тұр екен.

«Алматы су» МКК 4 мыңға жуық үй иелерінің орталықтанған су желісіне қосылу үшін құжаттар тапсырғанын айтты. Бір ай ішінде барлық тұтынушылардың құжаттары толтырылады және олар жаңа желіге қосылады.

Айта кетейік, мемлекеттік бюджет есебінен 209 км жаңа су желілерінің және кәріздің құбырлары жүргізіліп, соның арқасында елді мекендерді орталықтанған сумен қамтамасыз ету жүзеге асып отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары