Алматыда «Алтн Орда» базарының маңында жаңа жолдың құрылысы басталып жатқаны белгілі. «Қазавтожол» ұлттық компаниясы Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Нұрхат Ақылтаевтың айтуынша, құрылыс жұмыстары кезінде көлік қозғалысына ешқандай кедергі келмейді. Ал, жалпы құрылыс жұмыстарының өзі 2 жыл көлемінде аяқталмақ. Бұл туралы ол алматылық тілшілерге берген сұхбатында мәлімдеді.
Аталмыш учаскеде қазірдің өзінде жол айрығының құрылысы бойынша дайындық жұмыстары басталып кетті. Мұндағы жолдардағы жылу құбырлары басқа аймаққа ауыстырылып, айналма жол мен Эстакаданы салу қолға алынған. Жөндеу жұмыстарына 60 адам және 22 техника жұмылдырылыпты. Есте болса, Алматы - Бішкек тас жолының 16-шы шақырымынан 19-шы шақырымына дейінгі жолды кеңейту жұмыстары биылғы жылдың қарашасына белгіленген болатын.
«Біз құрылыс барысында ешқандай жол қозғалысыны жаппаймыз. Жол қозғалысы қазіргі таңдағы қозғалысқа сәйкес жүре береді. Біз тек қана Ақсай өзенінен өтетін көпір құрылысын салатын жағдайда ғана көпірдің екі тарапынан уақытша айналма жолын саламыз. Көпір салып, сол кезде ғана айналма жолды қолданамыз. Жалпы, басқа жағдайда тек қана қазір қалай көлік қозғалысы жүріп жатыр солай қалыптастырылады», - дейді «Қазавтожол» компаниясының өкілі.
Оның айтуынша, құрылыс жұмыстарымен айналысатын компания жұмыстарды 2 жылда бітіруге уәде беріпті. Дегенмен, жоспарда ол ұзағырақ атқарылуы тиіс.
«Құрылыс жұмыстары жобалық есептеу бойынша келісім шарт бойынша 33 айға есептелінген. Мердігер компания «Дәулетдосстрой» ЖС-мен бірлесе отырып оны 24 айда аяқтауға жоспарлап отырмыз», - дейді Нұрхат Ақылтаев.
Маманның айтуынша, жаңа жолда автобустарға бөлек, жеңіл көліктерге бөлек және жүк көліктеріне бөлек жолақтар қарастырылған.
«Өздеріңіз көріп отырғандай, бұл айналма қайта бұрылу жолы. Құрылысымызда он жолақты жол болады. Оның екеуісі қоғамдық көліктерге арналған. Төрт жолағы жергілікті көліктерге арналады және төрт жолағы транзиттік көліктерге арналады», - дейді ол.
Қазіргі таңда жол түсетін аумақтағы жер телімдерін сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Ол үшін бюджеттен жарты миллиардтан астам қаражат бөлінген.
«Жерді кеңейту барысында жолдың астына түсетін жер учаскілері мен құрылымдарды сатып алу бойынша 75 участок түсіп отыр. Оның 53-і Алматы облысына тиесілі және 22-сі Алматы қаласының аумағына тиесілі болып отыр. Қазіргі таңда, Алматы облысының және Алматы қаласының Жер қатынастары басқармалараның қатысуымен үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Есептеулер жүргізіліп жалпы сомасы 574 миллион теңгені құрайтын сомада ақша бөлініп, сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді «Қазавтожол» АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Нұрхат АҚЫЛТАЕВ.