Биылғы 2017 жыл Алматыда «Жастар жылы» деп бекітілгені белгілі. Аталған жоба аясында қалада көптеген іс-шара өтіп үлгерді. Одан бөлек жастарға арналған түрлі орталықтар да ашылып жатыр. Ал, күні кеше «оңтүстік астанадағы» «Смарт пойнт» кеңістігінде алматылық жастардың саммиті басталды.
Тың шарада 15-ке жетеғабыл тақырыптық алаң орын тепкен. Трансформациялық ойындар, экология алаңын айтпағанның өзінде, мұнда нейрографика флешмобын өткізу де қарастырылған. Ең негізгі «Кинес» алаңында жастармен ашық пікірсайыстар өтеді, танымал тұлғалар өздері жайлы, жеткен жетістіктері жайлы әңгімелейді. Көрменің бірінші қабатында Қазақстанның қазіргі мәдениетін суреттейтін әйгілі суретшілердің жұмыстары қойылса, екінші қабатта жұртшылық назарына киізден, былғарыдан жасалған қолөнер бұйымдары ұсынылды. Келіп қатысамын деушілерге фотобайқау жарияланды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын қолдау мақсатында ұйымдастырылған ерекше саммиттің жастар үшін маңызы зор. Олар өздерінің туған жерінің өткенін, қазіргісі мен болашағын көріп, таныса алады. Отанын жаңаша қырынан тани алады. Мұнда дәуірлер арасындағы байланыс көрсетілген. Тақырыптық алаңдардың барлығында да «Рухани жаңғыру» бағдарламасында атап көрсетілген дүниелер қамтылған»,-деді Жастар саммитінің ұйымдастырушысы, Ксандра СИЛАНТЬЕ.
Ал, саммиттің екінші күнінде мұндағы алаң басқаша қырынан танылады. Жастар поэзия, музыка және кино саласымен танысуға мүмкіндік алады. Жас актерлер Олжас Сүлейменовтың өлеңдерін жатқа оқып, камералық поэтикалық кештің куәсі болмақ.
Еске салайық биыл жыл басында алматылық жастар өмірін терең зерттеу барысында нақтылы ресурс көздеріне негізделген әрі нақтылы шараларды қамтыған алғашқы «2020 жылға дейін жастарды қолдаудың қалалық Жол картасы» қабылданған болатын. Сондай-ақ, жастарға көптеген әлеуметтік көмек те көрсетіліп келеді. Мәселен...
2017 жылы пилотты режимде «Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасы қолға алынды, оны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 1 млрд. теңге бөлінді.35 жасқа дейінгі алматылықтар пәтер алу үшін жеңіл заём алуына болады. Бүгінгі күні 6,6 мыңнан астам өтінім түскен. Жыл аяғына дейін жас отбасыларға 100 пәтер кілтін тапсыру жоспарланған.
Жатақханалар жетіспеушілігін ескере отырып «Алматы» ӘКК ҰК» АҚ-ның қаржыландыруымен жатақхана салынады. Бүгінгі күні бірқатар ЖОО-мен, жеке кәсіпкерлермен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында 2000 орынды 4 жатақхана құрылысы аяқталып қалды. Келер жылдан бастап 2,4 мың орынды тағы екі жатақхана құрылысы басталады.