Биыл еліміздің мемлекеттік күзет қызметінің президенттік оркестрі 25 жылдығын атап өтуде. Мерейтойға орай шығармашыл ұжым Алматыда есеп беру концертін ұйымдастырды. Музыканттарға еліміздің белгілі өнер иелері мен әріптестері қолдау көрсетті. Әртістердің өнерін тамашалауға қала әкімі Бауыржан Байбек те келген. Айта кетейік, концерт қалада алғаш рет бастау алған «Нұрсұлтан Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі көрме аясында өтті.
«Біздің осы мерекелік концертімізде өзіміздің Президент оркестрінде істейтін ұжымдағы біздің әріптестерім шығарған шығармаларын ұсынып отырмыз. Бүкіл Президент оркестрі бірігіп, жанды дауыста ерекше бір концерт беріп отырмыз деп ойлаймын», - деді ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің президенттік оркестр басшысы Талғат БЕРДІҒҰЛОВ.
Айта кетейік, ҚР Тұңғыш Президентінің күні және Қазақстанның Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматыда «Нұрсұлтан Назарбаев: Дәуір, Тұлға, Қоғам» атты көшпелі көрме ашылған болатын. Орталық мемлекеттік мұражайда Мемлекет басшысының жеке архивінің, жеке кітапханасының және музейінің материалдары мен түрлі жәдігерлері қойылған. Көрме барысында экскурсиялар,конференциялар, шеберлік сыныптары, семинарлар мен концерттер өтеді деп жоспарланған еді. Бүгінгі мемлекеттік күзет қызметінің президенттік оркестрі өткізген концерт сол шаралардың бірі.
«Бұл көрмеге барынша құнды экспонаттар мен өнер туындылары, Тәуелсідік жылдары Президентіміз қол қойған маңызды құжаттардың түпнұсқасы, Тәуелсіздіктің тарихи кезеңдерін қамтыған фотоматериалдар қойылған. Сонымен қатар, Президентімізді ұлықтаған 50 шетелдік мемлекеттің жоғары марапттарын көруге болады. Қолтаңба қойылған бағалы әрі сирек кездесетін кітаптар да осында. Біз көрмені 2018 жылдың 15 қаңтарына дейін ұзартуды қарастырудамыз, оған кемдегенде 50 мың алматылық келеді деген үміттеміз»,- деп атап өтті Президенттің жеке кітапханасы директорының міндетін атқарушы, Президент Кеңсесінің бастығы Махмұд Қасымбеков.
Көрме 4 бөлімнен тұрады:
«Көшбасшы жолы» бөлімі ҚР Президентінің өмірбаянын,«Көшбасшы феномені» бөлімі мемлекеттің құрылыстың қалыптасу және даму концепциясын, «Президент наградалары – халық құрметі» бөлімі жоғары мемлекеттік наградаларды, «Әлем таныған көшбасшы» - ҚР сыртқы саясатын қамтиды.
Айта кетерлігі, көрме 2018 жылдың 14 қаңтарына дейін жалғасады.