Ел Тәуелсіздігінің 26 жылдығы бүкіл республика аумағында аталып өтуде. Әдеттегідей, бұл күні еліміздің өркендеп дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталып, жер-жерде егемендікті жыр еткен әдеби-рухани кештер, концерттер өтуде.
Осындай іс-шаралардың бірі Алматыдағы Алатау ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өтті. Атап айтқанда, бүгін «Алатау» дәстүрлі өнер театрында 16 желтоқсан – «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне» арналған Алатау ауданы әкімінің салтанатты мерекесі кең көлемде тойланды. Салтанатты шараға желтоқсан оқиғасына қатысушылар, еңбек ардагерлері, аудандағы мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, қоғам қайраткерлері, аудандық «Нұр Отан» партиясы, аудан тұрғындары қатысты.
Салтанатты кешті аудан әкімінің орынбасары Ағыбаев Саят Болатұлы құттықтау сөзімен ашты. Ол тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның жеткен жетістіктерін, сондай-ақ, Алатау ауданындағы орын алған оң өзгерістерді жиылған жұртқа баяндады. Сөз соңында Саят Болатұлы ауданның дамуына үлес қосқан мемлекеттік қызметкерлерді аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады. Сонымен қатар, Қазақстанның өзге аймағында әскери борышын өтеп жүрген сарбаздардың ата-аналарына да алғыс хат табыс етілді. Жалпы, Алматының, оның ішінде Алатау ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосқан белсенді азаматтардың да еңбегі еленіп, жергілікті билік өкілдерінің атынан алғыс айтылды.
Мұнан кейін жиынның соңы концерттік шараға ұласты. Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркесрті күй орындап, Қ.Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының студенттерінің қатысумен сахналық көрініс қойылып тарихтан сыр шертілді. Қазақ этрадасының жарық жұлдыздары: «Серілер» тобы, «Алаш ұлы» тобы көпшілікке әндерін тарту етсе, «Салтанат» би ансамблі өз өнерлерімен көпшілікті сүйсіндірді.
Мереке соңында Қазақстан Республикасының халық әртісі Сара Тыныштығұловамен бірге кешке келген қонақтар Әнұранымызды екінші рет қайта шырқады. Осылайша тәуелсіздік ұрпақтары өзінің ұлық мерекесін атап өтті.
Айта кетейік, Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік іс-шаралар Алматының өзге де аудандарында өтіп жатыр. Қаланың басты мерекелік жиыны 15 желтоқсанға жоспарланған. Сондай-ақ, 16 желтоқсан күні жергілікті зиялылар дәстүр бойынша Республика алаңындағы тәуелсіздік монументіне барып гүл шоқтарын қояды, 1986 жылғы көтеріліс кезінде қаза тапқан қазақтардың рухына құран бағыштайды.