Кеше ғана қазан айында Мемлекет басшысының жарлығымен қазақ тілі кириллицадан латын графикасына көшетін болып шешілді. Енді 2025 жылға дейін ана тіліміз кезең-кезеңмен латынша әліпбиге ауысады. Яғни, барлық кітаптар мен ғылыми еңбектер, газет-журналдар, мемлекеттік қызметтегі құжаттар латын қарпіне ауыстырылып, қазақтілді тұрғындар жазуды латын әріптерімен жазады.
Осы жарлыққа қол қойылғанға дейін бүкіл ел қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуін қолдап түрлі жиындар өткізсе, жарлықтан кейін латынды айналымға енгізудің жолдарын талқылауға кірісіп кетті. Мәселен, бүгін Алматыдағы Достық үйінде ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты Философия, саясаттану және дінтану институты Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми сараптамалық тобымен бірге «Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіруді жүзеге асырудың әлеуметтік-саяси аспектілері» атты тақырыпта республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Конференция жұмысына танымал қазақстандық ғалымдар, философтар, саясаттанушылар, әлеуметтанушылар, қоғамдық қызметкерлер және журналистер қатысты.
Ғалымдар, мамандар мен ғылыми қауымдастық өкілдерінің аталған конференциясы латын графикасына қазақ тілін ауыстыру бойынша ҚР Президенті – Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасын іске асырудың әлеуметтік-мәдени, саяси және әдіснамалық аспектілерін талдауға арналды.
Аталған конференция барысында Бес институционалды реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, болашақтағы біртұтас ұлтты қалыптастыру және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласы бойынша жалпықазақстандық бірегейлік және Қазақстан этностарының бірлігі мен келісімін нығайту шеңберінде қазақ әліпбиінің алдағы реформасын іске асырудың өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды.
Қазақ әліпбиін реформалау тарихи алғышарттармен астасып жатыр және әлемдік технологиялық, коммуникациялық кеңістікке енуге бағытталған. Сонымен бірге, бұл мәселе қазақстандықтардың қоғамдық санасын жаңғырту аясында жалпықазақстандық ұлттық бірегейлікті нығайту мен рухани жаңғыру үшін үлкен мәнге ие. Сондықтан 2012 жылдың 14 желтоқсанында Президент өзінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «аталған әлеуметтік-экономикалық және рухани өмірді жаңғырту Қазақстан халқын топтастырушы болуы тиіс» деп атап көрсеткен болатын.
Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияның қатысушылары қазақ жазуының латын әліпбиіне өтуі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық құжаттарында және «Мәңгілік Ел» жалпыхалықтық идеясында аталған ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, Қазақстанның әлемдік ақпарат кеңістігіне енуі және уақыт талабымен байланысты рухани және қоғам өмірінің тағы да басқа көптеген мәселелерін шешу қоғамдық сананың маңызды факторы болып табылатындығын атап көрсетті.