Алматы қаласындағы Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде Алматы қаласы Жастар саясаты жөніндегі басқарманың, Бостандық ауданы әкімдігінің, «Нұр Отан» партиясы Бостандық аудандық филиалының қолдауымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көрсетілген міндеттерді орындау мақсатында «Рухани жаңғыру: жастар әлеуеті мен бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.
Оған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Мемлекеттік тілге – құрмет» бірлестігінің төрайымы, ҚХА мүшесі Асылы Осман, сондай-ақ, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының ғалымдары, Алматы жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары, студенттер, колледж оқытушылары, мектептер мұғалімдері мен оқушылары, барлығы 300-ден астам адам қатысты. Алдымен қонақтар ҚазИТУ жетістіктер көрмесімен танысып, конференция мәжілісі, секциялар мен «Дөңгелек үстел» жұмыстарындағы жастардың «Менің өлкем», «Тұлға», «Ұлы дала жастары», «Мамандық үздігі-2017» жобаларының тұсаукесерінде болды.
Жиында ҚазИТУ ректоры, профессор Нұрлан Темірбеков құттықтау сөз сөйлеп, Алматы қаласы Жастар саясаты жөніндегі басқарма өкілі А.Сариева, «Нұр Отан» партиясы Бостандық аудандық филиалының мүшесі Э.Кәрібаев өздерінің жылы лебіздерін білдірді.
Одан кейін ҚазҰАУ-нің доценті Д.Салқынбек «Қазақстан аумағындағы қасиетті, киелі орындардың тарихи сананы жаңғыртудағы маңызы және отансүйгіштікке тәрбиелеудегі орны», ҚазИТУ проректоры Г.Сәрсенбекова «Жастарды «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тәрбиелеуде жоғары мектептің міндеттері туралы» деген баяндамалар жасады. Бұл ретте Г.Сәрсенбекова: «Жастар – бүгініміз бен болашағымыздың алтын діңгегі. Олар оқитын жоғары оқу орындарының үштен бірі шоғырланған Алматы қаласында «2017 жыл – Жастар жылы» деп белгіленді. Оның «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жастар тәрбиесіндегі орны зор. Соған орай ҚазИТУ-де «Рухани жаңғырудың» «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасының аясында «Жаһандық бәсекеге біліммен» атты жоба жасалды. Жоба аясында білім алушылардың туған жеріне деген патриоттық сезімін арттыру, басқа мәдениеттерге ашықтық, конфессияаралық келісім, өркениеттілікке ұлттық құндылықтар арқылы жету, саяси тілді білімге, компьютерлік сауаттылыққа, ғылымға құштарлықты арттыру және насихаттау мақсатындағы міндеттерімізді «Мәдени мұра – халық қазынасы», «Менің өлкем», «Ғылыми ізденіс», «Туған жерге туыңды тік», «Дарынды жастың дара жолы», «Білім. Ғылым. Инновация» атты мақсатты тақырыптарға біріктірдік. Әрине, қоғамға, жұмыс берушіге адамшылығы мол, елжанды, креативті, белсенді өмірлік ұстанымы бар, көшбасшылық қасиетке ие, сыни ойлауға қабілетті мамандар қажет» деп атап өтті.
«Ұлттың жаны, рухының үні, алтын қоймасы – тілі. Жастарға айтарым «Білім – әлемдік, тәрбие – ұлттық болуы керек. Біз бәріміз қазақ тілінің құдіреттілігін, әуезділігін, байлығын, шұрайлылығын елге жеткізіп айта білуіміз керек. Қазақ тілі – жүрек, өзге тілдер оған тірек», – деді белгілі тіл жанашыры Асылы Осман.
Бостандық ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Хамит Біржанов жастарды тәрбиелеудегі Ардагерлер кеңесінің рөлі жайында айта келіп: «Ең бірінші мәселе – жастардың терең білім алуы және Елбасы ұсынған «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырып, әлемдегі озық 30 елдің қатарына қосылу. Ал «Рухани жаңғыруды» жастарға насихаттауда Ардагерлер кеңесінің рөлі зор» деп тұжырымдады.
Жиында «Рухани жаңғыру» аясында жастардан өтініштер көп түсті. Оның ішінде қалалық жоғары оқу орнының Жастар ұйымдары комитеттерінің төрағалары, «Жас Отан» жастар қанаты Бостандық аудандық филиалының, оқушылардың «Жас Ұлан» өзін-өзі басқару ұйымдарының басшылары қатысып, шара жұмысында белсенділік танытты. Бұл ретте әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің доценті, т.ғ.к. Л.Хасанаева «ХХ ғасыр басындағы ұлттық элитаның идеялық күресінің саяси аспектілері», магистрант-студенттер атынан ҚазИТУ магистранты Е.Богатикова «Бәсекеге қабілетті жастар – болашақ кепілі», ҚазИТУ студенті Ж.Шегебаева «Рухы күшті тұлға – «Рухани жаңғыру» негізі», ҚазҰУ студенті А.Жақсылықова «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақалаcының тарихи маңызы», ҚазИТУ студенті Е.Асылжанқызы «Культ знания – основа идеи «Рухани жаңғыру»» деген баяндамалар жасады.
Ал пленарлық мәжілісте «Ұлттық бірегейлікті сақтау – «Рухани жаңғырудың» басты бағыты» баяндама жасаған ҚазИТУ 2-курс студенті Дәулеткелді Тұрар «Рухани жаңғыру» атты мақаланы маңызды саяси идеологиялық құжат деуге болады. Шынында да, көз ілеспес шапшаңдықпен дамып, жедел өзгеріп отырған мына дүбірлі дүниеде, Елбасы айтқандай, сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңісті болып қалған таптаурын қағидалардан арылып, рухани жағынан серпілуіміз, жаңғыруымыз қажет» деді.
Құттыбек АЙМАХАН