Алматы қаласы Наурызбай ауданының әкімі Сайран Сайфеденов ауданға қарасты мемлекеттік және жекеменшік балабақша басшыларын жинап, атқарылған жұмыстарының есебін тыңдады. Нақтысын айтқанда, аталған жиында мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда мектепке дейінгі мекемелердің жетістіктері мен кемшіліктері сөз болды.
Жиналыстың басты мақсаты – мектепке дейінгі мекемелерде тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасының мазмұнын іске асыруда өтпелі тақырыптарды қолдану. Аталмыш жиналыс аудан әкімі С.Т.Сайфеденовтің төрағалығымен өтті.
Жиынға ауданымздағы 2 мемлекеттік және 46 жекеменшік балабақша меңгерушілері қатысты.
Аталған басқосуда Алматы қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Иманқұлова Диляра Бауыржанқызы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында және «Әлеуметтік медициналық сақтандыру» бойынша түсіндірме жұмыстарының қалай жүргендігін баяндады. Оның айтуынша, ауданда мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында ашылған балабақшаларға оқу бітірген жұмыссыз жастар тартылған. Сондай-ақ, тәрбиешілер мен ата-аналар арасында, жергілікті тұрғындар арасында МӘМС-ті түсіндіру жұмыстары жаппай жүргізілген.
Жиын барысында тағы бірнеше баяндама тыңдалды. Атап айтар болсақ: Алматы қаласы білім басқармасы мектепке дейінгі білім бөлімінің бас маманы Нұғметова Меркизат Асқарбекқызы – «Жеке меншік балабақшаларда жұмыс істеу барысында нормативті актілермен таныстыру», Наурызбай ауданы аппаратының қаржы бөлімінің бас маманы Исмаилова Айнұр Мырзағалымқызы - «Балапан» бағдарламасы бойынша бюджеттік қаржыны дұрыс пайдалану», Наурызбай ауданы бойынша тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасының басшысы Конеева Венера Смағұлқызы – «Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің тексеру кезіндегі санитарлық-эпидемиялогиялық жағдайы туралы баяндама», Наурызбай ауданы бойынша төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Төлегенов Берік Мұратбайұлы – «Білім мекемелерінің нысандарында өрт қауіпсіздігін алдын алу», Алматы қаласы бойынша «Даму» аймақтық қорының бас менеджері Карменова Зарина Болатханқызы – «Мемлекеттік қолдау шаралары» тақырыбында баяндамаларын ұсынып, жиналғандарға жан-жақты баяндады.