Алматы әкімі Бауыржан Байбек бастаған бір топ азамат Желтоқсан көшесінде орналасқан Тәуелсіздік монументіне келіп, 1986 жылы осы алаңда көтеріліске шығып, қаза тапқан желтоқсаншылардың рухына құран бағыштап, тағзым етті.
Алдымен жиналған қауым ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Бұл рәсімге қала әкімі Б.Байбек те қатысты. Әкімнен кейін 1986 жылы желтоқсан қозғалысына қатысқандар және Қазақстан Жастар ұйымдарының атынан бір топ жастар гүл шоқтарын қойды. Осыдан кейін, Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасының имамы 1986 жылы Желтоқсан қозғалысы кезінде дүниеден озған боздақтардың рухына арнап Құран бағыштады. Шарадан кейін Алматы қаласындағы «Жұлдыз» мейрамханасында ас берілді.
«Желтоқсан бір жағынан қасіретпен еске алсақ, бір жағынан қуанышпен қарсы аламыз. Еліміз егемендігін алғанына қуанамыз. 31 жыл бұрын мен осы жерде болғанмын. Жігіттермен мен қыздарымыз өмірден өтіп кетті. Мен Дәулетбай батырдың ұрпағымын, әкемнің әкесі репрессияға ұшыраған. Бұл біздің ата-бабаларымыз аңсаған күн. Елімізді соғыстан сақтасын. Қазақ елі қазір тыныш, сол үшін қазақ бақытты. Қазақ жастары, спорттан, мәдениеттен, қай саладан болсын Көк байрағымызды желбіретіп жатыр», - деді желтоқсаншы Серік Мұхамедалин.
Айта кетейік, Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі 1986 жылдың 17-18 желтоқсан күндері аралығында болды. Жастар қазіргі Республика алаңына (сол кездегі Брежнев алаңы) жиналып, Г.Колбиннің ҚКОК-нің Бірінші хатшысы болып тағайындалғанына наразылық білдірді. Алғашында алаңға небәрі 300-дей адам жиналса, кешке дейін олардың саны 20 мыңға жетті.
Жергілікті билік көтерілісшілерді күшпен басты. Арнайы жасақ өкілдері мен милиция жастарды аяусыз сабап, шаштарынан сйүреп, қыстыкүні қаланың сыртына жүк көліктерімен шығарып тастады. Сондай-ақ, алаңдағы жастарға суық су шашып тарқатпақ болды.
Желтоқсан оқиғасынында нақты қанша адамның қаза тапқаны туралы нақты ақпарат жоқ. Кейбір деректерде 200-ге жуық жастың шейіт болғаны жазылса, кейбір ғалымдар тек 2 студенттің қайтыс болғанын айтып жүр.
Оқиғаға қатысқандарды саяси тұрғыдан қуғындау болды. Барлығы 99 адам сотталды, 264 студент оқудан шығарылды. 1987 жылы жазда КОКП ОК қаулысы шығып, Желтоқсан оқиғасы қазақ ұлтшылдығының көрінісі ретінде бағаланды. Желтоқсан оқиғасы қоғамның саяси өмірін демократияландыруға серпін берді.