$ 498.34  519.72  4.85

Алматы тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы айтарлықтай ұзарған

Алматы қаласында «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы өз деңгейінде орындалып жатыр. Бұл туралы бүгін қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов ҚР Тұңғыш президент күніне орай өткізілген баспасөз мәжілісінде айтты.

Айта кетейік, қазақстандықтардың өмір жасын ұзартып, денсаулығын жақсарту үшін іске қосылған «Денсаулық» бағдарламасы 2016-2019 жылдар аралығын қамтиды. Аталған бағдарлама аясында ел тұрғындарының өмір сүру жасы ұзарып, проблемаға айналған бірқатар ауру түрлерімен күрес өз нәтижесін беруі керек.

С.Мусиновтың айтуынша, бағдарлама аясында Алматыда біршама іс-шаралар атқарылған. Олардың нәтижесі де жаман емес. Сондай-ақ, қаладағы денсаулық сақтау саласының мамандары жылдар бойы атқарған жұмысының нәтижесінде алматылықтардың өмір сүру ұзақтығы 5,5 жылға ұзарыпты.

Басқарма басшысы атап өткендей, Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы оң динамика Алматыдағы өзгерістерден-ақ көрініс береді. «Соңғы 10 жылда бір тұрғынның денсаулығына бөлінетін қаржы 3 есе, жылына  17 081 теңгеден 55 000 теңгеге артты. Сондай-ақ, жалпы халық денсаулығына жұмсалатын қаржы көлемі 19 млрд теңгеден 99,5 млрд теңгеге ұлғайды. Қала тұрғындарының орташа өмір сүру ұзақтығы 5,5 жылға 70,43 жастан 75,9 жасқа жетті», - деді Серікбол Мусинов.

Науқастарды амбулаториялық емдеуге бөлінетін қаржы 4,3 есе өсті. Медициналық ұйымдардың материалды техникалық қамтылуына - 27,5 млрд теңге, күрделі жөндеу жұмыстарына 9 млрд теңге жұмсалды. Медициналық жұмыскерлердің жалақысы 1,4 есе артқан. Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде денсаулық сақтау саласының басты индикаторлары жақсарды. Алматыда туу көрсеткіші 2011 жылдан бері өсіп келеді. Халық арасындағы өлім көрсеткіші 1,5 есе азайды. Ана мен бала өлімі 2-2,3 есе азайды. Сонымен қатар, жүрек қан тамырлары ауруынан көз жұматын тұрғындардың саны  2 есе, қатерлік ісіктен - 2 есе, жарақат алып уланудан 3 есе, туберкулёзден көз жұматындардың саны 3,5 есе қысқарды.

Осы ретте айта кетейік, ҚР Тұңғыш президент күніне орай Алматыдағы барлық басқармалар мен департамент басшылары баспасөз мәжілісін өткізіп, 11 айда атқарған жұмыстарына есеп беріп жатыр. Сондай-ақ, өз саласының дамуына үлес қосқан қарапайым мамандар қала әкімдігі тарапынан марапаттар алуда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары