Әне-міне дегенше 2017 жыл да өз соңына таяп қалды. Жылдағы әдет бойынша еліміздегі барлық салалар жыл соңында атқарған жұмыстарына есеп беріп, жеткен жетістіктерін санамалап, кеткен кемшіліктеріне талдау жасап жатады. Ал, елімізге танымал экономист Жангелді Шымшықов болса шағын және орта бизнестің бүгінгі ахуалына баға беріпті. Ендеше маман сөзіне құлақ ассақ...
Қазақстан халқына арналған былтырғы Жолдауында Елбасы Н.Ә.Назарбаев шағын және орта кәсіпорындардың еліміздің жалпы ішкі өніміндегі үлесі не бары 26% екенін, бұл көрсеткішті 2050 жылға қарай 50 %-ға көтеру керектігін айтқан болатын.
Президент шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы маңызы қаншалықты зор екендігін осылай меңзесе керек. Соған орай оқырман назарына ғылыми зерттеулеріміздің нәтижелері бойынша осы саланың бүгінгі сипатын баяндағанды жөн көрдік.
Еліміздегі ШОБ-тың ахуалын талдау үшін біз 10 экономикалық көрсеткіш қолданамыз, олар қарастырылып отырған саланы толық сипаттай алады. Бірінші көрсеткіш – елдегі 1000 тұрғынға шаққандағы шағын және орта кәсіпорындар саны. Біздегі бұл көрсеткіш 13,7 болса, әлемдегі дамыған елдерде 1000 тұрғынға 30-50 шағын кәсіпорыннан келеді. Ендеше әлі де 3 еседен астам ұлғайту қажет.
Екінші көрсеткіш – ШОБ-та жұмыс істейтіндердің барша еңбекпен қамтылғандар санына қатысты үлесі. Бұл көрсеткіш АҚШ-та – 53 %-ды, Жапонияда – 71,7%-ды құраса, Қазақстанда бар болғаны – 31%.
Үшіншіден, шағын кәсіпорындардың шығарған өнімдерінің ІЖӨ-нің құрамындағы үлесі назарға алынды. Сөз басында Елбасына сілтеме жасай отырып, бұл көрсеткіш елімізде 26 % деген едік. Ал Францияда – 50%-ға, Германияда 57%-ға тең. Яғни бұл Елбасының тапсырмасының өзектілігін аңғартады.
Төртінші – шағын және орта кәсіпорындардағы еңбек өнімділігі. Біздің есебіміз ондай кәсіпорындардағы еңбек өнімділігі ұлттық экономикамыздағы орташа көрсеткіштен 1,6 есе, ал алдыңғы қатарлы елдердегі осы саладағы еңбек өнімділігінен 8 есе төмен. Осы орайда Қазақстанда барлық кәсіпорындардың 7-ақ пайызын құрайтын ірі кәсіпорындар ІЖӨ-нің 70%-ын өндіретінін айта кету керек.
Бесінші көрсеткіш – шағын және орта кәсіпорындардың еліміздегі барша кәсіпорындар санындағы алатын үлесі. Ол 93%-ды құрап отыр. Деректер бұл саланың әлі де болса осал екенін, отандық экономиканы әртараптандырудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді, өйткені жоғарда айтылған ірі кәсіпорындардың бәрі дерлік тек шикізат өндіруші кен салаларында екені белгілі.
Алтыншы өлшем – мемлекеттік тіркеуден өткен шағын және орта кәсіпорындар мен белсенді әрекет етіп отырған кәсіпорындардың ара салмағы. Бұл көрсеткіш 90%-дан сәл жоғары.
Жетінші – шағын және орта кәсіпорындардың ұйымдық-құқықтық құрылымдарының арасалмағы. Жеке кәсіпкерліктердің үлесі жылдан жылға ұлғайып, 72%-дан асып жығылса, ал фермерлік шаруашылық үлгісіндегі кәсіпорындар соңғы 10 жыл ішінде 2 есе қысқарып, 14%-ды, заңды тұлға түріндегі кәсіпорындар бар болғаны 15%-ды құрап отыр. Демек, ұсақ жеке кәсіпкерліктің заңды тұлға құрайтын ірілеу кәсіпорындардан басымдығы шағын және орта бизнестің тиімділігінде ғой деп ойлаймыз.
Сегізінші көрсеткіш – ШОБ субъектілерінің ұлттық экономиканың түрлі салаларындағы үлесі. Бүгнгі күні ШОБ субъектілерінің 42 %-ға жуығы бөлшек сауда саласында. Ауыл шаруашылығында 18%-ы, құрылыста 2,7%-ы, көлік пен байланыста 7,6%-ы, қызмет көрсету саласында 26%-ы, ал өнеркәсіпте бар болғаны 2,9 пайызы ғана әрекет етуде. Осы шағын және орта бизнес саласында өндірілетін жалпы өнімнің саудадағы үлесі – 23%, ауыл шаруашылындағы үлесі – 12%, құрылыстағы үлесі – 20%, көлік пен байланыста – 9%, қызмет көрсету саласында – 20%, ал өнеркәсіпте – 16%. Яғни Елбасының тапсырмасын орындау үшін ШОБ субъектілері өнеркәсіп пен құрылыс салаларына ойысуын қамтамасыз ету қажет екені түсінікті.
Тоғызыншыдан, ШОБ-тың инновациялық белсенділігінің деңгейі де өтең маңызды екенін ескерген жөн. Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің сауалнамасына жүгінсек, сауалнама жүргізілген 19 356 шағын кәсіпорынның тек қана 1007-де инновациялық қадамдар байқалған, бұл бар болғаны 5,2 пайызы деген сөз. Инновациялық белсенді кәсіпорындардың санатына нәтиже берсе де, бермесе де, әйтеуір талпыныс жасағандарды жатқызады. Оның ішінде өнімнің жаңа түрлерін шығару немесе жаңа технология енгізу, өндірісті ұйымдастырудың жаңа әдістерін енгізу айтылады.
Оныншы көрсеткіш кәсіпорындардың ірі бизнеспен өзара тығыз байланыста, кооперация, интеграция және кластерлеу арқылы әрекеттесу дәрежесі болып табылады. Шетелдің озық тәжірибесіне сүйенсек, ШОБ ірі кәсіпорындардың аясында, олармен тығыз байланыста, тіпті олардың қамқорлығының арқасында өркендеп отыр. Бір ғана мысал, атақты жапониялық «Toyota Motor Corporation» корпорациясының тапсырысымен автомобильдің құрамдас бөлшектерін шығаратын 30 мыңға тарта шағын кәсіпорын өзара әрекеттесіп жұмыс жүргізеді, өйткені көп жағдайда ірі кәсіпорынға ұсақ бөлшектер өндіру мүлдем тиімді емес. Оған қосымша шығынданғанша шағын бизнестің көмегіне жүгінгені тиімдірек. Яғни ірі кәсіпорын мен шағын кәсіпорындардың бірін-бірі толықтырып әрекеттесуі ШОБ-ты дамытудың негізгі шарты деуге болады. Өкінішке қарай КСРО-дан мұраға қалған өндірістік дәстүр бойынша біздің елдегі ірі кәсіпорындар шағын кәсіпорындармен бірлескісі келмейді, олар кішігірім өз бөлімшелерін ашуға тырысып бағады. Шағын кәсіпкерлерге сенімсіздікпен қарайды. Тіпті ірі ұлттық компаниялардың өздері де небір квазимемлекеттік кәсіпорындарға сенім артып, тиімсіз өндірістік құрылымдарға жол беріп отырғаны сынға ілігіп жатады.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, бүгінгі Қазақстандағы шағын және орта кәсіпкерлік күні бүгінге дейін ел экономикасының біріктіруші, қалыптастырушы және тұрақтандырушы күшіне айналған жоқ. Ол экономикамызда саны бар, ал сапасы төмен құрылым ретінде орын алуда. Бұл саланың өркендеуіне септігі тиетін шаралардың легі аз емес. ШОБ-қа мемлекет тарапынан қолдау көрсету әркезде де басты орында тұруы тиіс. Бұл мәселе келесі әңгімеміздің арқауы болмақ...