23.12.2017, 08:51

OrdaFM радиосы Төреғалидың әндерін эфирден алып тастады

OrdaFM радиосының басшылығы Төреғали Төреәлінің әндерін эфирден бермейтін болып шешті. Бұған себеп - кеше әлеуметтік желілерде тарап кеткен видеоролик. Онда танымал әнші сахнада тұрып, тыңдармандарына бәйәдеп сөздер айтқан.

Бұл туралы OrdaFM радиосының директоры Азамат Исаев өзінің Twitter-парақшасында жазды.

"Мен OrdaFM раддиосының директоры Төреғали Төреәлінің кешегі оқиғасынан кейін оның әндерін эфирден алып тастауды ұжым болып шешкенімізді ресми мәлімдеймін. Әнші кешегі концерт өткен Павлодар қаласындағы тұрғыннан жария түрде кешірім сұрамағанша оның әндері радио эфирінен шықпайды", - деді Исаев әлеуметтік желідегі парақшасында.

Жұлдыз FM радиосының ұжымы да Төреғали Төреәлі өз тыңдармандарынан кешірім сұрауын талап етіп отыр.

Еске салайық, күні кеше әлеуметтік желілерде эстраданың танымал әншісі, өзін "Ұлы дала баласы" деп атайтын Төреғали Төреәлі Павлодарда өткізген концертінде халда отырған тыңдармандарына дөрекі сөйлеп, жасы үлкен ер адамды сөккен болатын.