Алматылық танымал блогер, әлеуметтік желіде жиі балағат сөздер айтумен танылған Айжан Байзақова Youtube желісінде тікелей эфирге шығып, өз ұстанымы үшін бұдан кейін де күресетінін айтты. Ол сондай-ақ, жуырда ғана абақтыға отырып шығуының себебін де түсіндіріп берді.
«Мені қыздарды шешіндіргенім үшін емес, балағат сөз айтқаным үшін абақтыға жапты. Менің instagram-парақшам 1 жыл бұрын ашылған. Содан бері желіде балағат сөздер айтып келемін. Тікелей эфирде темекі шегіп, арақ ішемін. Олар мені түрмеге отырғызу үшін сонда 1 жыл бойы күткен бе? Осыны 3 күн бойы басым қабылдамай қойды», – деді блогер.
Байзақова түнгі клубтағы жалаңаш қыздың видеосын көрген ересектерден емес, тек кішкентай балалардан кешірім сұрайтынын да мәлімдеді.
«Жақсы, мен үлкен кісілер мен видеоны көріп қалған балалар болса, олардан кешірім сұраймын. Бірақ клубта арақ ішіп алған адамдардан не үшін кешірім сұрауым керек?” – дейді ол.
23 жастағы бойжеткен сөз соңында оқырмандарына instagram-парақшасының бұғатталғанын және жақын арада қалпына келтіруге тырысатынын айтты.
Еске салайық, өткен жылдың 17 желтоқсанында Алматыдағы «Zakova» клубы 50 мың теңгеге қыз шешіндіргені үшін көпшіліктің сынына ұшыраған болатын. Кейін бір топ қазақ жігіті бірінен соң бірі «Намысымызды таптады!» деген сарында видеоүндеу жолдады. Тіпті, эстрада әншілерінің ішінде «Жігіттер» квартетінен Бағлан Әбдрдайымов, «Нұр-Мұқасан» тобынан Мұқасан Шахзадаев та қарап қалмай, өз пікірлерін ашық жазған еді. Мұнан кейін тәртіп сақшылары Айжан Байзақованы 3 күнге қамап тастады.