$ 494.87  520.65  4.91

Теміртаулықтар әкімдік ұрлығын әшкереледі

Теміртау халқы қаланы жаңа жылға безендірген билік өкілдеріне наразы. Сөздерінше, жергілікті қазынадан бөлінген ақшаға металлургтер шаһарында небәрі екі ақ шырша орнатылыпты деп мәлімдейді 31 арна.

Мерекелік шамдар мүлдем болмаған. Ал билік өкілдері қаланы безендіруді мойнына алған астаналық компаниямен соттасып жүргендерін айтады.

Теміртау жұртында жаңа жылдық көңіл-күй жоқ. Өйткені әкімдіктегілер ақшаларын үнемдеуге көшкен бе, әйтеуір, қаланы безендіруге тырыспапты. Тіпті мейрамның ең басты көркі болып саналатын шырша да қаланың бірлі-екілі жеріне ғана қойылған. Оның өзін көрмедік деген тұрғындар наразы.

Жаңа жылды қарсы алуға дайындалмағандарын билік өкілдері де жоққа шығармайды. Дегенмен кінәні өздерінен көрмейді. Өйткені Теміртаудың безендірілуіне қазынадан 11 миллион 600 мың теңге бөлініпті. «Ал қаражатты игере алмаған мемлекеттік сатып алу байқауын жеңген астаналық компания»,– дейді.

«Қарашаның соңында тендер өткіздік. Конкурстан ұтып шыққан компаниямен келісімшартқа отырдық. 25 желтоқсанға дейін олар екі шырша мен сегіз темір құрылғы орнатуы тиіс болған. Бірақ жұмыстар толық атқарылған жоқ», – дейді Теміртау қаласы ТКШ бөлімі жетекшісінің міндетін атқарушы Низами Гаджиев.

Қыруар қаржыны құрайтын жаңа жылдық безендірулер дәл осы көше бойында орнатылуы тиіс болған. Бірақ тендер ұтып алған астаналық компания Теміртау қаласы бойынша он екі метрлік екі шырша орнатып қана шектелді. Оның өзі кеш қойылып, жергілікті әкімдік бекіткен ережеге сай безендірілмеген.

Ал даудың ортасында қалған Астана қаласындағы компания келісімшартты бұзбадық дейді. Тіпті, тоғыз миллион теңгелік екі шыршамен бірге мерекелік шамдар да Теміртау қаласына уақытылы жеткізілді дейді.

«Біз жұмыстарды атқармасақ онда Теміртау қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі қызмет көрсету актісіне неге қол қояды?!

Бізде барлық жерде, 11 миллион 600 мың теңгені құрайтын құжатта да қол қойылған. Сәйкесінше, келісімшарт толықтай атқарылды деген сөз», – дейді «Best Provider KZ» ЖШС заңгері Төлеген Шаимов.

Қалай болғанда да, он бір жарым миллионның тек жартысын ғана игерді деген компанияның үстінен Теміртау қаласының әкімдігі сотқа берді.

Егер тексеріс барысында жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өкілдерінің олқылық жібергені анықталса, компания екі жылға қызмет көрсету лицензиясынан айырылады.

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары