10.01.2018, 04:11

Біз мұндай қысымнан шаршап кеттік: Хиджаб киген оқушылардың ата-аналары жиында шу шығарды

Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл 9 қаңтар күні Ақтөбедегі №56 мектепте балалары сабаққа орамалмен келіп жүрген ата-аналармен кездесті. Ақтөбе облыстық білім басқармасы ұйымдастырған бұл кездесуге мұғалімдер мен ата-аналар, барлығы 200-ден астам адам келген деп жазады Азаттық.

Кездесуде сөз сөйлеген қала тұрғыны Светлана Досмағамбетованың айтуынша, 9-сыныпта оқитын қызы орамалы үшін дүйсенбіден бері мектепке кіре алмай жүр.

Өзін «Дәулеткерей Нәзеновпін» деп таныстырған қала тұрғыны мінберге шығып, Қазақстанның білім министрлігі, парламент депутаттары мен дін істері жөніндегі агенттік төрағасына арналған үндеуін оқып берді. Үндеу соңында «біз мұндай қысымнан шаршап кеттік, өз отанымызда өзімізді бөтен сезініп жүрміз. Орамал дауын шешудің жолдары көп. Соның бірі – дін ұстанатын оқушы қыздар үшін арнайы мектеп-медресе салу. Егер медресе бюджет үшін қымбатқа түсетін болса, бұл мәселені оңтайлы шешудің басқа да жолдарын қарастырсаңыздар?» деді ол.

Парламент мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл ашу қысып, тұс-тұстан шулап кеткен ата-аналарды сабырға шақыруға тырысты. Мектеп мұғалімдерінің Қазақстанның білім және ғылым министрлігінің 2016 жылы қаңтардың 14-і күні шыққан бұйрығын негізге алып отырғандығын айтты. Ал Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева «мектеп формасы сақталуы керек. Форманың сақталмауынан оқушы сабақтан қалатын болса, ең алдымен ата-ана жауап береді» деп ескертті.

Екі жарым сағатқа созылған жиында тараптар бір мәмілеге келе алмады. Парламент мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл ақтөбеліктер көтерген мәселені Астанаға жеткізуге уәде етті.