Бүгін таңға қарай басталған дауылды жел мен боран астаналықтарды әбден әбігерге салып қойды. Табиғаттың тосын мінезінен ғимараттар мен көліктер, бағдаршамдар бүлініп, қаланы көріктендіру үшін қойылған декорациялар ұшып кетті. Сондай-ақ, адамдар да желге төтеп бере алмауда.
Астанадан шығар жолдың барлығы жабылған. Қаланың ішкі жолдарында да қозғалыс қиындап кетті. Полиция қызметкерлері жүргізушілерден жолға шықпауды сұрап отыр.
Табиғи жағдайдың күрт өзгеруіне байланысты, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің шешімімен табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.
Сондай-ақ, елордалық мектептер мен колледждерде де сабақ беру тоқтатылды. Әуежайда ұшақтардың ұшуы кейінге қалдырылған. Қала әкімдігі астаналықтарға мұқтаждық болмаса далаға шықпау керектігін ескертті.
Қолайсыз ауа райы салдарынан 70 адам эвакуцияланды деп жазады ҚазАқпарат. ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов құтқарылған 70 адамның бесеуі – балалар екенін айтады.
Апаттық-құтқару жұмыстарына Төтенше жағдайлар департаментінің 200-ден астам жеке құрамы мен жол талғамайтын 40 арнайы техника жұмылдырылған.