$ 448.56  478.03  4.79

Ақтөбедегі хиджаб дауына ардагер мұғалімдер де араласа бастады

Ақтөбе облысының ардагер ұстаздары ата-аналар қауымдастығына үндеу жариялады деп жазады Aktobenews.kz.

Құрметті ата-аналар!

Бізді, өз өмірінің ең мәнді де мазмұнды бөлігін бала тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаздарды бүгінгі күні облыс, қала мектептерінде орын алып отырған жағдай қатты алаңдатады. Себебі ертеңгі күннің жарқын болуы — бүгінгі ұрпақтың сапалы білімі мен саналы тәрбиесіне байланысты.

Әрине, діннің адамзат тарихында алатын орны ерекше. Өз тарихында діни ұстанымы болмаған халық жоқ. Сонымен бірге дінге деген көзқарас әр дәуірде, әр қоғамда өзгеріп отырған. Сондықтан діннің не екенін, оның тарихын танып-білу – әрбір оқушыға рухани қажеттілік. Халқымыздың рухани қазынасына айналған дін ғұламалары жайлы ғылымға негізделген білім беру, оқушылар бойында теологиялық сауаттылықты қалыптастыру – бүгінгі күнгі өзекті мәселе.

Сондықтан да, мектептерде соңғы жылдары «Зайырлылық және дін тану негіздері» курсы жүргізілуде. Яғни, мемлекет тарапынан оқушы жастарға дінді қоғамдық сана мен дүниетанымның бір формасы ретінде ұсынылып, жастардың кемеліне жеткен кезінде өзіне қажеттіні өзі таңдауына толық мүмкіндік берілуде.

Қазақстан Республикасының заңнамалық құжаттарында бiлiм беру мен тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлiнген және зайырлы сипатта болады делінген. Сонымен қатар, оқушылардың мектептегі бірыңғай киім үлгісі білім беру ұйымдары дербес бекіткен ішкі тәртіп ережелеріне сәйкес белгіленеді деп ашып көрсетілген.

Қадірменді ата-аналар!

Біз зайырлы, құқықты мемлекетте өмір сүреміз. Сондықтан да біздің барлық іс-әрекетіміз заң негізінде жүргізілуі қажет. Заңды құрметтеу мен заңға бағынуды өзіміз де ұстанайық, балаларымызға да үйретейік.
Бүгінгі жастар бұрынғылармен салыстырғанда өзгешелеу. Олардың ой-өрісі, талпынысы, адами құндылықтары өзгеше. Дегенмен, жастарымыз жалпыадамзаттық мәңгілік рухани-адамгершілік құндылықтардың да бар екенін естен шығармауы қажет. Онсыз тұлға толыққанды қалыптаса алмайды. Жеке адамның, оның санасы мен тұлғасының қалыптасуына әсер ететін жағдаяттар мол. Айталық, оның ата-анасы, өмір сүріп отырған ортасы… Адам баласы күн сайын жаңаны біліп, ой түйеді, өмір бойы оқиды.

Ең бастысы, балаларымыздың балалық шағын ешбір алаңсыз, бақытты өткізуілеріне мүмкіндік берейік! Балаларымызды білім беру ұйымының Жарғысында белгіленген талаптарды орындауға тәрбиелейік.
Барлықтарыңызды, ұрпағымыздың қанаттарын кең жайып, тәуелсіз елдің бейбіт аспаны аясында еркін самғап, өсіп-өнуіне, білім алуына, рухани кемелденіп, Қазақ елінің нағыз Азаматы болып қалыптасуына барлық жағдай жасауға шақырамыз!

Облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері:

1. Избасаров Болат Избасарович
2. Қуан Камалхан Қуанұлы
3. Төлеубаев Зейнолла Кемейдоллаевич
4. Шалекенова Раиса Капешовна
5. Туменов Жолдыбай
6. Амуленко Тамара Дмитриевна
7. Ахметова Шайзада Уринбасаровна
8. Асанов Мұратхан Домақұлы
9. Кенжебаев Данағали Кенжебайұлы
10. Дулатбай Гүлжан Тәуірбайқызы
11. Бектұрғанов Аманкелді
12. Есенғалиев Бауыржан
13. Қайдасов Серікбай Қайдасұлы
жəне басқа ардагер педагогтар.

(редакцияға келген мәтін өзгеріссіз беріліп отыр)

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары