Қарағандыда бұрын сотталған ер азамат өзінің досын айуандықпен өлтіріп, қайта сотталды. Марқұм өлер алдында оның қызына үйленбек болып, рұқсатын сұрап келген екен.
Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы қылмыскерді айыпты деп тауып, оны 12 жылға бас бостандығынан айырды.
"Тайкеновтың кісі өліміне қатысты қылмысы толықтай дәлелденіп отыр. Осыған байланысты сот оны 12 жылға бас бостандығынан айырады. Айыпты өз жазасын қылмыстық атқару жүйесінің барынша қауіпсіз мекемесінде өтейтін болады", - деді судья соттың соңғы отырысында.
Сот сондай-ақ, сотталушыны аса қауіпті қылмыскерлердің қатарына жатқызды. Өйткені, қылмыс жасаған сәтте оның алдыңғы жазасының мерзімі әлі аяқталмаған екен.
Судья сонымен қатар, қылмысты жасауға көмектескен жас жігітке де үкім оқыды. Тергеу материалдарынан белгілі болғандай, сотталушы Чубаевты Тайкенов адам өлтіріп болғаннан кейін оқиға орнына шақырған. Кейін қорқыту арқылы мәйітті қала сыртына апарысуға көндіріпті. Сот Чубаевты қылмыс жайында біле тұра ол туралы құқық қорғау органдарына айтпағаны үшін айыпты деп тапты. Енді ол алдағы 2 жылын түрмеде өткізеді.
Айта кетейік, кісі өлтірген қылмыскер мен оның құрбаны бұған дейін дос болған. Екеуі дүңгіршектің ішінде арақ ішіп отырып, досы Тайкеновтен қызының қолын сұрайды. Алайда, ер азамат бұған көбейтінін білдіргеннен кейін, досы оны балағаттаған көрінеді. Мұның арты төбелеске ұласып, Тайкенов досын бірнеше рет пышақтап тастаған.