Қызылорда облысында 33 жастағы азамат өгей қызына азғындық әрекет жасады деген күдікпен қамауға алынды. Бұл жайлы полицияға азаматтық некедегі әйелі хабарлаған деп жазады ratel.kz.
11 жасар жәбірленуші қыздың анасы Жанна Салыбаева күдікті Нұрлан Рахиевпен 2009 жылы отбасын құрған. Сол сәтте жас келіншек өзімен бірге 2 жастағы қызын ертіп барыпты. Бүгінгі күні жұптың ортақ 4 баласы бар. Өгей әкесінің жасаған әрекетін қызының өзі айтып беріпті. Қазір Жанна Салыбаева балаларымен Қызылордадағы әйелдерге арналған дағдарыс орталығында.
– Қызымды бір жылға жуық уақыт үрейде ұстаған. Жасаған әрекетімді біреуге айтсаң өлтіремін деп қорқытқан. Төбемнен жай түскендей болды. Күйеуім екеуміз 10 жылға жуық бір шаңырақтың астында тұрамыз. Соған қарамастан азаматтық некедеміз. Талай мәрте үйімізде жанжал, төбелес болатын. Сол себептен де ресми түрде некеге отырмадық. Шынымды айтсам, балаларымды алып кетіп қалатын жерімде болмады. Бірақ, жағдай дәл осылайша асқынып кетеді деп ойламап едім», – дейді Жанна Салыбаева.
Күдікті Нұрлан Рахиевтің анасы келінінің сөздерімен келіспейді.
– Ұлыма жазықсыз жала жабылып отыр. Ол өгей қызын өз қызындай көрді. Ештеңеден таршылық көрмеді. Маңдай терімен нан тауып жүрді. Қылмыстық істе бірінші азғындық әрекет 2016 жылдың желтоқсан айында болса, 2017 жылдың қаңтар айында тағы қайталанған делінген. Бірақ сол кезден бері қаншама уақыт өтті. Неге сол кезде айтылмады. Қызды қорқытып ұстады дегенге мен сенбеймін. Күнделікті алдымызда күліп – ойнап жүрген қыз. Мүлдем сене алар емеспін. Оның үстіне тергеушілер де істі дұрыс жүргізген жоқ, – дейді Алмакүл Құлахмет.
Қазір тергеу жұмыстары аяқталып, бұл іс сотқа жолдау үшін қалалық прокуратураға тапсырылған.
– Тергеу жұмыстары барысында күдіктінің кінәсі толықтай дәлелденді. Арнайы сараптама жүргізіліп, оң қорытынды берілді. Жәбірленушімен психолог мамандар жұмыс жасады. Қазіргі таңда күдікті өз кінәсін мойындап отырған жоқ. Егер сот оны айыпты деп таныса, азамат 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, – деді тергеуші Табиғат Еркінбекұлы.