Ауғанстандағы Intercontinental қонақ үйіне лаңкестер шабуыл жасап, ондаған адамды өлтірді. Қаза тапқандар арасында Қазақстан азаматы да бар деп жазады ҚР СІМ ресми өкілі Әнуар Жайнақов өзінің Facebook-парақшасында.
"Ауғанстаннан қайғылы хабар жетті. Қазақстанның 1978 жылғы азаматы Кабулдағы Intercontinental қонақүйіне жасалған шабуылдан қаза тапты. Марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз. Қазақстандық дипломаттар ауған қауіпсіздік қызметімен және Сыртқы істер министрлігімен байланыста. Таяу күндері мүрдені Отанына қайтару туралы мәселе шешіледі", - деп хабарлады ол.
Оқиға 20 қаңтар күні болған. "Талибан" лаңкестік ұйымының 5 өкілі қонақ үйге басып кіріп, ондағы қонақтарға қарата оқ жаудырды. Жергілікті БАҚ өкілдері 43 адам қаза тапты деп жазғанымен, Ауғанстанның ІІМ-і тек 18 адамның көз жұмғанын айтып отыр. Олардың 14-і шетел азаматтары.
РИА Новости мәліметінше, 18 сағат бойы жалғасқан шабуыл тоқтатылған. Нәтижесінде 126 адам құтқарылған, олардың 41-і шетелдік.