$ 494.87  520.65  4.91

ШҚО-дағы Шолпан ауылында дәрігерлер сары ауруға шалдыққандардың санын жасырғаны расталды

Шолпан ауылындағы гепатит оқиғасы бойынша медициналық бақылау қанағаттанарлықсыз деңгейде болды. Бұл туралы Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы, бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

«Біздің мамандар мен ғылыми орталықтардың ғалымдары Үржар ауданындағы аруханада болып, Шолпан ауылындағы жағдаймен танысты. Бұл оқиға бойынша толық тексеру жүргіздік, барлық құжаттарды шолып шықтық. Осы орайда 19 оқиғаны жасыру жағдайы анықталды, яғни дерттің жеңіл формалары белгілі болды. Санитарлық ережелер бойынша науқасты амбулаториялық жағдайда, яғни үйде емдеуға жол беріледі. Алайда міндетті түрде Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің аумақтық органдарына мәлімет берілуі тиіс. Сол кезде тиісті шаралар қабылданады. Бұл ретте қыркүйек айында бірінші оқиға тіркелген кезде дәрігерлік амбулаторияда дәрігер болмаған. Көмек көрсету тек орта медициналық қызметкерлер тарапынан ғана іске асырылған. Қазан айының басында бұл нысанға дәрігер келген. Ол - жас маман, яғни 2017 жылдың түлегі»,- деді Ж. Бекшин Орталық коммуникациялар қызметінде.

Жалпы, «А» гепатитіне Шолпан ауылында 31 адам шалдыққан.

«Осыған дейін 12 бала Үржар аудандық ауруханасында жатқызылғаны хабарланған еді. Ал қалған 19 баланы біздің комиссия анықтады. Оларды осы амбулатория дәрігері көрсетпеген», - деді комитет төрағасы.

Оның сөзіне қарағанда, жас дәрігердің тарапынан кемшіліктерге жол берілген.

«Сонымен қатар Үржар аудандық ауруханасы да жас маманның келгенін біле тұра, оған лайықты деңгейде көмек жасамаған. Атап айтқанда, консультативтік қолдау мен аурудың бірінші оқиғалары кезінде көмек көрсетілмеген», - деді бас санитарлық дәрігер.

Бұдан бөлек, тексеру барысында науқастар дәрі-дәрмекті өздері сатып алғаны белгілі болды. Сондай-ақ 12 оқиға бойынша науқастар ауруханаға көлікпен өздерінің есебінен жеткізілген. Әрқайсысы тасымалдау шараларына 5 мың теңге төлеген. Бұл өз кезегінде талаптарды өрескел бұзу фактілеріне жатады.

Анықталған осы кемшіліктердің барлығы облыс әкімдігіне хабарланып, кінәлілер әкімшілік ықпал ету тұрғысында жазаға тартылады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары