27.01.2018, 09:46

Шымкентте кішкентай баланың үстіне қабырға құлап кетті

Шымкентте 8 жасар баланың үстіне қабырға құлап, оны ауыр жаралады деп жазады Otyrar.kz. Оқиға қаладағы шағынаудандардың бірінде өткен аптада болған. Үшінші сыныптың оқушысы өз үйінің ауласында ойнап жүргенде құлаған кірпіштердің астында қалып қойыпты.

Бұл сәтті Вячеславтың әкесі Андрей Вислогузов әлі де болса қорқынышпен еске алады. Оның ұлы есік алдында достарымен ойнап жүрген, артынша жан дауысы шығып айқайлапты. Жүгіріп барғанда баласының кірпіштер астында қансырап жатқанын көрген.

«Ұлымның үстіне шлакоблок кірпішінен өрілген қабырға құлаған. Болжамым бойынша, ол өзі сол қабырғаға шықпақшы болған сияқты. Жеңіл салмаққа шыдамаған қабырға құлап кеткен. Балам болса өте ауыр жарақаттар алды. Абырой болғанда, сол маңда адамдар болып, оны дереу үйінді астынан шығарып алған және жедел жәрдем шақыртты», - дейді Андрей Вислогузов.

Дәрігерлер баланы дереу операция столына жатқызған. Ауруханаға түскен кезде жағдайы аса ауыр болғанымен, қазір беті бері қарапты.

«Баланың жағдайы ауыр болатын. Сондықтан біз оны дереу операция столына жатқыздық. Өйткені, оның сүйектері ашық сынған, жарақат алған жерлері әбден былғанған, тас кірген, қоқыс кірген. Біз бәрін тазалап, операция жасап, қалпына келтірдік. Қазір жағдайы жақсы, тұрақты», - дейді ота жасаған дәрігер Ералы Тұрарбеков.

Андрей Вислогузов болған жайтқан құрылысшыларды кінәлап отыр. Өз істеріне салғырт қарап, сапасыз құрылыс жүргізгеннің соңы осындай жағдайға алып келді дейді ол. Қазіргі таңда қала әкімдігі мен полицейлер аталған қабырғаны тұрғызған құрылысшыларды іздестіріп жатыр. Ал, жараланған баланың әкесі оларды сотқа бермек.