Ақтөбе қалалық сотында 30 қаңтар күні қала тұрғыны Артур Болатұлының орамал тағатын оқушы қыздарын мектепке кіргізбеген мектеп директорының үстінен берген шағымы бойынша сот басталды деп жазады Азаттық.
Істі судья Ержан Құрманов қарап жатыр. Артур Болатұлының айтуынша, №8 мектепте 6-сыныпта оқитын қызы Әсем Болатова мен 4-сыныпта оқитын қызы Гүлсая Болатова 8 қаңтардан бері мектепке кіргізілмеген. Мектеп директоры Айсұлу Жақсыбаева «балалар мектеп формасын сақтамағандықтан» сабаққа қатыстырылмағанын айтады. Артур Болатұлы мектеп директорының үстінен «балаларымның құқығын бұзып отыр» деп сотқа арызданған.
Бүгінгі Артур Болатұлы соттан шешім шыққанша қыздарының мектепке бара тұруына рұқсат беруді сұраған. Бірақ директор Айсұлу Жақсыбаева «Балалар мектеп формасын сақтамаса мектепке кіргізілмейді» деп, оған қарсылық білдірді.
Сот 1 ақпанда жалғасатын болды.
Ақтөбеде орамал дауына қатысты осымен екінші сот өтіп жатыр. Бұған дейін қалалық сот қала тұрғыны Қайрат Жармағамбеттің Ақтөбедегі №10 мектептің директорына қарсы шағымын қарауды бастаған. Жармағамбет №10 мектептің сегізінші және тоғызыншы сыныптарында оқитын екі қызын мектеп директоры Гүлайым Иманованың қаңтардың 8-інен бері сабаққа кіргізбей отырғанын айтып, соттан оның ісін заңсыз деп тануды сұрайды.