$ 498.34  519.72  4.85

Ақтөбеде орамал дауына қатысты сотта мұғалімдер жеңіске жетті

Бүгін Ақтөбе облысының бас ұстазы соңғы кездері білім саласын даурықтырып жіберген орамал мәселесінің жағдайын хабарлады. Өңірдегі орамалды оқушылардың ата-аналарына жаппай айыппұл салынып жатыр.

Ақтөбе облысы білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева соттасып жүрген орамалды оқушылардың ата-анасына қатысты жағдайды баяндады.

"Орамал мәселесіне қатысты ата-аналардың мектепті сотқа беру жағдайы болды. №49, №8, №36, №13 мектептерінің ата-аналары ұстаздарды сотқа берді. Сот шешімімен ата-ана арызы қанағаттандырылған жоқ. Мектептің ішкі тәртібі орындалу керек деген шешім беріліп отыр. Қазіргі уақытта бақылау департаменті балаларын мектепке жібермей, ішкі тәртіпке бағынбай отырған ата-аналарға айыппұл салып жатыр. Қазір Қарғалы ауданы, Ақтөбе қаласы және Шалқар ауданында айыппұл салу жұмыстары жүргізілуде. Бірінші жағдайда 5 АЕК, әріқарай тәртіп орындалмайтын болса, ол 10 АЕК көлемінде болады", – дейді Ләззат Оразбаева.

Білім басқармасының мамандары орамалды оқушылардың сабаққа келмей жатқанына алаңдаулы. Бас ұстаз мектеп оқушысының онлайн сабақ ала алмайтынын да кесіп айтты.

"Мектептегі оқушыға орамал тақтырамыз деген ата-аналардың балалары сабаққа келмей отыр. Сондықтан, балалардың мектепке келмегені үшін де ата-ананың жауапты болатынын ескеру керек. Егер балалар ұзақ уақыт сабаққа келмейтін болса, оларға тоқсандық баға шығарылмайды. Бұл бала стандарты білім беруден қалып қойды деген сөз. Ол келесі сыныпқа көше алмайды.

Қазіргі уақытта бізде 15-тен аса ата-ана Алматы және Шымкент қаласына балаларын алып кетті. Олар қыз балаларға арналған мектепке баратындарын айтты. Ал онлайн сабаққа қатысатынын айтып талон сұраған баланың құжатын бере алмаймыз. Себебі, қазір білім министрлігінің бұйрығы бойынша мектеп оқушысының онлайн сабақ алуына құқы жоқ. Бала мектеп партасында отырып сабақ алу керек", – дейді ол.

Дереккөз: NUR.KZ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары